Құрылыс саласы ел экономикасының елеулі бағыттарының біріне айналды .
Бүгінде құрылыста 700 мыңға жуық адам еңбек етеді. Құрылыс қарқыны артқан сайын темір-бетон зауыттарының өніміне сұраныс өседі. Астанада мұндай кәсіпорындардың жұмысы күні-түні бір тынбайды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Біз бүгін Астанадағы темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттардың біріне келдік. Бұл жерде айына кем дегенде 400-ден астам блок құрастырылады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мақсат Айтбаев ағамыз – осындағы тәжірибелі жұмысшылардың бірі. Бүгін жалпы жұмыс барысымен, осы Мақсат ағамызбен танысудың сәті түсіп тұр. Ассалаумағалейкум, аға. Уағалейкумассалам!. Жұмыс қалай жүріп жатыр? Жақсы, шүкір. Рақмет.
Кейіпкеріміздің зауытта жұмыс істеп жатқанына он жылға жуықтады. Бетоннан құйылған блоктардың тігісін жатқызып, кем-кетігін тегістеу – осы кісі жетекшілік ететін бригаданың міндеті.
Мақсат Айтбаев, сылақшылар бригадасының бригадирі:
- Отделочник дегенді бала кезімнен үйренгенмін негізі. Службада да сол, негізі строительныйда болғанмын. Өзімнің ұнаған нём ғой осы. А так мен былайынша басқа универсиеттерде оқығанменен оны оншалықты ұнамағасын неоконченный қылып қалып кетті ғой ол оқулар.
Мақсат ағамыз Өзбекстанда туып өскен. Дегенмен, шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болғанда атамекенге қоныс аударуды жөн көрген. Бүгінде балалары түгел аяқтанып, өз алдына үй болып отыр.
Мақсат Айтбаев, сылақшылар бригадасының бригадирі:
- Әке-шешем мен өзіміз сол Өзбекстанда туылғанбыз. Тамдыбұлақ деген жерінде. Сол жерде өсіп-өндік, сосын мен бала-шағамды Қазақстанға өзімнің қазағым болып өссін деп, сөйтіп алып келдім енді шынын айтқанда. Иә, сол 20 жылдан бері, Аллаға шүкір, бәрі қазақша сөйлеп, қазақша да бітірді университеттерін.
Әріптестері атын атамай, Мәкең деп, құрмет тұтады. Қашанда кішіпейіл бригадирді жастар да жанына жақын көреді.
Асылхан Бәкенов, зауыт шебері:
- Өзінің жұмысына өте жауапты. Жастарды, жастар сол Мәкеңе қарап осы жерде үйрететіні көп. Үйретіп жатқаны да көп. Әрдайым жақсы жағынан көрінеді да Мәкең. Тәжірибесі мол. Оншақты жыл, он жыл ғой деймін стажы бар.
Нұрсұлтан Мақұлбек, зауыт жұмысшысы:
- Осы зауытта істеп жатқаныма үш жыл уақыт болды. Мен зауытқа кіргелі осы Мақсат ағаның жанында жүрдім. Мақсат ағамен бірге жұмыс істедім. Мақсат аға жақсы кісі. Бар білгенін үйретті. Мақсат ағаға үлкен рахмет.
Сылақшылар бригадасының күнделікті нормасы бар. Бір ауысымда 20 блокты әктеп-әрлеп шығуға тиіс. Дайын блоктар кепкен соң құрылыс алаңына жол тартады.
Нұрқанат Қанапия, Мадияр Қындыбаев