Миллиондаған қолданушысы бар YouTube платформасында көрсетілетін контент енді жасанды интеллект көмегімен жас ерекшелігіне қарай бөлінеді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл 18 жасқа дейінгі жасөсіпірімдерді өз жасына сай келмейтін бейнематериалдарды көруден шектейді. Түрлі тақырыпта сауалнама жүргізетін Pew зерттеу орталығының дерегіне сүйенсек, былтыр 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің 90%-і YouTube көрген.

Қазір алпауыт технологиялық компаниялар жасанды интеллектіні дамытуға қыруар қаражат бөліп жатыр.

YouTube платформасын жасаушы Google компаниясы биыл жасанды интеллект саласын дамытуға 85 миллиард доллар жұмсамақ. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10 миллиардқа көп. 2 жыл бұрын құрылымы Чат GPT-ға ұқсас Gemini чат-боты қолданысқа енген болатын. Қазірде оны айына 450 миллионнан астам адам белсенді қолданады. Ал, кез келген ақпаратты іздеуге көмектесетін AI Overviews-тің қызметін айына 2 миллиардтан аса адам пайдаланған. Ол әлемнің 200 елінде қолжетімді, 40 тілде ақпарат береді. Компания өкілдері жасанды интеллектінің арқасында кіріс көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары екенін айтады.

Сундар Пичаи, Google компаниясының бас директоры:

- Жасанды интеллект қызметтің кез келген саласында мықты нәтиже беріп келеді. Оның қарқынын күшейту арқылы ең жоғары көрсеткіштерге ие болуға болады. Компания өнімдеріне сұраныс жылдан жылған артып келеді. Сапаны жақсарту үшін платформаларымызды толық автоматтандырғымыз келеді.

Жасанды интеллект қызметіне сұраныс артты

Жасанды интеллект көмекшілері жер бетіндегі адам санын басып озуы мүмкін. Болжам бойынша олардың саны биыл 8,4 миллиардқа жетпек. Қазірдің өзінде жасанды зерде адам істеуге тиіс жұмыстың тең жартысын атқарып отыр. McKinsey болжамы бойынша 2030 жылға қарай 50 миллион жаңа қызмет түрі пайда болады. Олардың ішінде жасанды интеллект оқытушысы немесе аталған сала бойынша тренер, жасанды интеллект саясаты мен этикеті бойынша маманға сұраныс жоғары болуы мүмкін.

Сэм Альтман, Openai компаниясының бас директоры:

- Қазір маркетологтар, стратегтер мен креативті мамандар қызметінің 95%-ін жасанды интеллект атқаратын болады. Өйткені ақпарат заманында бұл әдіс жылдам әрі тиімді.

Технология нарығындағы текетірес

Қазір технология нарығында АҚШ пен Қытай жарысып жатыр. Бұл тек экономикалық емес, геосаяси мәні бар бәсекелістікке айналып барады. Мәселен, АҚШ чип жасау мен AI зерттеулерінде көш бастап келеді. 2023 жылдан бастап АҚШ үкіметі Қытайға жоғары қуатты чиптер экспорттауға шектеу қойды. Бұл шешім Қытайдың әскери және AI саласында алға басуына тосқауыл қою мақсатында жасалды. Ал, Қытай ішкі өндірісті күшейтуге тырысып, SMIC сияқты ұлттық компанияларға қомақты қаржы құйды. Қытайдың Huawei компаниясы 5G технологиясын дамытуда әлемдік көшбасшылардың бірі болды. АҚШ Huawei-ді ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп танып, оны санкциялар тізіміне енгізді. Google, Apple, Microsoft сынды компаниялар әлемдік нарықты жаулап алған. Ал, Қытайда америкалық платформалар бұғатталған.