Бастамалар ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге және жасыл экономиканы дамытуға бағыт-талған.
Green Climate Fund атқарушы директоры Мафальда Дуарте ханымның Қазақстанға ресми сапары аясында Global Cleantech Innovation Programme Kazakhstan бағдарламасының негізгі жобалары таныстырылды.
Бұл бағдарлама Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының бастамасымен, БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымымен серіктестікте және Ғаламдық экологиялық қордың қолдауымен жүзеге асырылуда.
Сапар барысында GCF делегациясы мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері энергия тиімділігі, экологиялық мониторингтің цифрлық шешімдері, орнықты жер пайдалану және су технологиялары саласындағы жобалармен танысты. Барлық ұсынылған бастамалар ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге және жасыл экономиканы дамытуға бағытталған.
Таныстырылған жобалардың бірі – микробалдырларды пайдалану арқылы сарқынды суларды биологиялық тазарту және көміртегі офсеттерін іске асыруды көздейтін "Су жөніндегі ғылыми-технологиялық орталық" ЖШС бастамасы болды.
"Біз тұрмыстық, ауыл шаруашылығы және өндірістік нысандардың сарқынды суларын тазартуға арналған отандық Хлорелла микробалдыр штаммын қолданамыз, сондай-ақ көміртегі офсеттерін жүзеге асырамыз. Бүгінде бұл технология еліміздің үш су арнасында сәтті қолданылуда. Қазіргі таңда біз парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған климаттық жобаны кеңінен іске асыру мақсатында GCF-ке 10 млн АҚШ доллары көлемінде грант алу үшін өтінім беруді жоспарлап отырмыз. Бұл қаржыландырудың арқасында жылына 1 млн тоннаға дейін парниктік газ шығарындыларын азайтып, Қазақстанның Париж келісімі аясындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға елеулі үлес қоса аламыз", – деді жобаның техникалық директоры Николай Васильев.

GCF атқарушы директоры Мафальда Дуарте жобаның жоғары әлеуетін атап өтіп, оның келешегі зор екенін білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама PSAA механизмі арқылы қаржыландыру үшін қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ ол Экология және табиғи ресурстар министрлігімен тығыз ынтымақтастықта өтінімді одан әрі пысықтауға кеңес берді.
Жасыл климаттық қор – дамушы елдер үшін инвестицияларға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, осындай бағдарламаларды қолдауда маңызды рөл атқаратын халықаралық климаттық қаржыландыру құралдарының бірі. GCIP Kazakhstan жобаларын таныстыру – жергілікті климаттық кәсіпкерліктің нақты нәтижелерін және олардың орнықты дамуға қосқан үлесін көрсетті.
Қазақстандық стартаптардың GCF ресми сапарының бағдарламасына қатысуы халықаралық қауымдастықтың елдегі жасыл технологиялар тәжірибесіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын дәлелдейді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ХЖТИЖО климаттық инновацияларды дамыту және Қазақстанды жаһандық экологиялық процестерге интеграциялау жұмыстарын жалғастырады.