«Әлемдік мұнай-газ саласы тоқтаусыз дамып, оған еш тосқауыл қойылмауы керек.

Себебі қара алтын адамзат үшін әлі де маңызды ресурс. Өндіріс көлемі артпаса, төмендемейді». Әмірліктер астанасы Абу Дабиде бас қосқан жаһандық энергетикалық қауымдастық мүшелері осындай ортақ тұжырымға келді. Жер жүзінің алпауыт компания жетекшілері жиналған іс-шара мұнай-газ өндірісінің қазіргі жай-күйін саралап, келешегін нығарлауға арналды.

Мұнай-газ өндірісіндегі тиімділік

30-дан астам ел, 2500 компания және 250 мың қатысушы. Абу Дабидің дәстүрлі энергетикалық форумы биыл кең ауқымда өтіп жатыр. Айтулы басқосу әмірліктің мемлекеттік туы күнімен тұспа-тұс келді. Ал бұл өз кезегінде елдің береке-бірлігін білдіретін нышан.

Шартараптың әр қиырынан жиналған шикізат өндірушілер өзара ынтымақ, серіктестік ұғымына берік. Тараптар бұл байланысты одан әрі нығайта түспек. Осы мақсатта мұнай-газ өндірісінің тиімділігін арттыру және заманауи талаптарға бейімдеу ісі басталды. Қазақстан ұтымды үдерістен қалыс қалған емес. Еліміздегі бірқатар кен орындары мен зауытта цифрлық шешімдер енгізіліп, кәдеге жаратылып жатыр. Ал араб компаниясында жоғары лауазымды қызмет атқаратынотандасымыз Мағжан Кеңесбай жаһандық деңгейде жаңашыл жобаның басы-қасында жүр. Қоғам өмірі мен өндірісті цифрландыратын AI шешімдердіңнегізін қалаған. Соның бір легі кен орнындағы деректерді терең талдауғаарналған. Тиімді жүйе шикізат өндірісінде кең қолданыла бастады.

Мағжан Кеңесбай, Әмірлік компаниясының даму жөніндегі бас директоры:

- Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ұлттық компаниялармен арада байланыс орнатылды. Бірқатар жұмыс процесін AI шешімдеріне сай бейімдеу жайы қаралды. Компаниямыз қазір энергетика саласына арналған алғашқы жасанды интеллектіні ойлап тапты. Ол тек деректерді талдамайды, автономды әрекет етеді. Барлау жұмыстарын жедел жүргізіп, ұңғымалардағы шикізат мөлшерін дәлме-дәл анықтайды.

Форум алаңында қазақстандық тарап маңызды келіссөздер жүргізді. Ұлттық компания жетекшілері елдің мұнай-газ саласы жаһандық өзгерістерге сай дамып, кез келген сын-қатерге қарсы тұратынын жеткізді. Бизнестің бір орында тұрмай, түрлі бағытта кеңейе түсетіні айтылды. Сала өкілдерінің айтуынша, қазақ жерінде әлі терең зерттелмеген қара алтын кеніштері көп. Инвестициялық қызығушылық басым. Бұл ретте шетелдік компаниялар

мұнай бассейндерін бірлесіп барлауға мүдделі.

Асхат Хасенов, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Қазақстанда 15 бассейн бар. Геологиялық тұрғыда 11-і әлі зерттелмеген. Шетелдік серіктестер жақсы біліп жатыр. Бізде қызығушылық бар дейді. Үкіметтен қолдау бар. Инвестициялық тартымды болу үшін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатыр. Инвестициялық тартымды болу үшін. Ол үлкен қаражаттар. Мысалы газ химиялық өндірісті айтар болсақ, 7 млрд доллар инвестиция. Сондықтан бізге серіктестер қажет.

Жалпы араб түбегінің шағыл құмды әрі барқан даласында ғасырлар бойы тұнық жатқан мұнай аймақ жұртын көл-көсір пайдаға кенелтті. Мол қазына үстінде отырған елдер әлемдік нарықтағы үлесін арттырды. Қазір жер жаһанда қара алтынға деген жалпы тәуліктік сұраныс шамамен 103 млн баррельге тең. Соның біршама бөлігін Сауд Арабиясы, Араб әмірліктері, Кувейт және Қазақстан сынды ірі мұнай өндірушілер өтейді.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Қара алтынның мол қорына иелік ететін бұл мемлекеттер өндірісті жай ғана арттырып қана қоймай, оны тиімді әрі экологиялық жолмен дамытпақ ниетте. ОПЕК+ мүшелері бұл үдерістің үзілмей, мұнайдың әлемдік экономикадағы маңызы қазіргі қалпында сақталады деген сенімде. Сондықтан өндіріс өрісін кеңейту, жаңа кеніштерді игеру және инвестиция тарту бұрынғыдан да жедел қарқын алуы бек мүмкін. Абу Дабидегі форум алаңында жасалған мәлімдемелердің өзегі осыны айғақтайды.