Биыл тоғыз айда қатты қалдықтың 27 пайызы қайта өңделген . Айта кету керек, елде үш мыңға жуық қоқыс полигоны бар.
Алайда оның тек 20 пайызы экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын 4,5 млн қалдық шығарылса, оның 20 пайыздан астамы кәдеге жаратылады. Алайда Мәжілістегі Республика фракциясы бұған шүбә келтіріп отыр. Олар қайта өңделетін қалдық үлесі небәрі 3 пайызды құрайтынын алға тартуда. Мәселені көтерген депутаттар бүгін Мәжілісте арнайы жиын өткізді. Фракция депутаттарының айтуынша, жыл сайын қайта өңдеуге жарамды 178 млрд теңгенің шикізаты жерге көміліп жатыр.
Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен бірнеше мәрте министрліктің қолдауымен өткен зауыттарға барып көрдім. Шынымды айтайын, керемет өңдеп жатқан зауыттар жоқ. Бір ғана мысал айтып кетейін, Алматыда Green recycle деген қоқыс өңдейтін мекеме бар. Сол мекеменің өзі 80 пайызын жерге көміп отыр. Енді өзіңіз ойлаңыз, Green recycle деген қаншама қаражат бөлінген мекеменің өзі 80 пайызын жерге көмгенде басқасынан пайда жоқ.
Қоқыс өңдеуге инвестиция құйылады
Қайта өңдеу саласын ширатпаққа «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы 22 жобаға 90 млрд теңгеге жуық қаржы құйған. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев мәлімдеді. «Өнеркәсіпті дамыту» қоры қосымша 10 жобаға 24,5 млрд теңге сомасында қолдау көрсетпек. Тағы 16 жоба қазір сараптамадан өтіп жатыр, деді министрлік өкілі.
Нұрлан Құрмалаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Қатты қалдықтарды өңдеуде белсенділік танытқан өңірлерді атап өткім келеді. Қызылорда облысы 9 жоба, Астана 7, ал Атырау өңірі 6 жоба ұсынып, үздік үштікке енді. Ал бір-бір жобадан ғана ұсынған Жамбыл, Маңғыстау мен Ұлытау облыстары көштің соңында қалып қойды.