Орталық Азия климаттың өзгерісін бастан кешіріп жатыр. Ауа райы температурасының жоғарылауынан жер құрғап, шөлге айналуда. Ал Қазақстан мен оның көршілері климаттық дағарысқа дайын ба?

Соңғы жылдары Қазақстан климаттық дағдарыстың нақты салдарымен бетпе-бет келіп отыр. Аймақтық орташа жылдық температура көтеріліп, ауа райының төтенше құбылыстары жиілеп, су ресурстары күрт азайып барады. Бұл туралы шетелдік зерттеулер мәлімдеді. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Климаттық қауіп пен полигоны бар алдыңғы қатарлы ел

Қазақстанда 1991–2020 жылдар аралығындағы орташа жылдық температура 1961–1990 жылдармен салыстырғанда 0,9°C-қа жоғарылаған. Ал 2020 жылы рекордтық аномальды ыстық тіркеліп, климаттық нормадан 1,92°C-қа асып кетті. Ел аумағының 70 пайызы шөлейттенуге бейім екені ескерілсе, климаттық полиогондарды құру – өмірлік маңызы бар шара. Бұл полигондарда деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру технологияларын сынақтан өткізу көзделуде.

Қазақстан бұл бағытта алғашқы нақты қадамдарын жасап үлгерді. 2021 жылы қабылданған Экологиялық кодекс ауыл, су және орман шаруашылығында, сондай-ақ азаматтық қорғаныс саласында климатқа бейімделу шараларын қарастырады. Кодекс бойынша 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын жыл сайын 1,5%-ға азайту жоспарланған. Бұл мақсатқа жету үшін көміртек шығарындыларымен сауда жасау жүйесі енгізілді.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк қолдайтын CAMP4ASB бағдарламасы аясында климатқа төзімді технологиялар әзірленуде. Мысалы, тамшылатып суару әдісі дәстүрлі тәсілдерге қарағанда суды 30–50% үнемдеуге мүмкіндік береді. 2022 жылы спутниктік деректердің көмегімен Оңтүстік Қазақстандағы құрғақшылық алдын ала болжанып, ауыл шаруашылығындағы шығын 15%-ға азайтылды.

Дегенмен, кедергілер де аз емес. Қазақстанда экологиялық төлемдердің тек 5%-ы ғана нақты табиғатты қорғау шараларына бағытталады. Климаттық зерттеулермен айналысатын мамандар саны жеткіліксіз, бұл өз кезегінде бейімделу стратегияларын тиімді әзірлеуге кедергі келтіреді.

Өзбекстан: шөлейтке қарсы технологиялар

Өзбекстан аумағының 80%-ын шөл және шөлейттер алып жатыр. Елде жер деградациясы ауыл шаруашылығы жерлерінің 20%-ын қамтыған. Бұл жағдай климаттық полиогондар үшін таптырмас сынақ алаңы. Мұнда суды 40%-ға дейін үнемдейтін тиімді суару әдістерін әзірлеу – басты міндеттердің бірі. 2023 жылы 15% шаруашылық су үнемдеуге негізделген технологияларға көшіп, мақта түсімі 10%-ға артқан.

2023 жылы ресейлік метеостанциялар Өзбекстанда жауын-шашынды болжау дәлдігін 20%-ға арттырды. Бұл – соңғы 30 жылда жауын-шашын мөлшері 10–15%-ға төмендеген ел үшін аса маңызды көрсеткіш.

Қырғызстан мен Тәжікстан: мұздықтармен тіршілік байланысты

Бұл екі елдің тау экожүйелері бүкіл өңірдегі су ресурстарының 60%-ын қамтамасыз етеді. Алайда, климаттың жылынуына байланысты мұздықтар күрт еріп жатыр. Бұл Қырғызстан мен Тәжікстан халқының 30%-ының су қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан бұл елдерде климаттық полиогондар су ресурстарын мониторингтеу, мұздықтар жайлы мәліметтер жинау және су тасқындарына қатысты ерте ескерту жүйелерін әзірлеуге бағытталуы тиіс. Су тасқындары мен көшкіндердің жыл сайын ел экономикасына тигізетін зияны 50–100 миллион доллар шамасында.

Климатық деректерді жинау үшін аймақтағы өзен ағыстары жайлы 10 жылдық мәліметтер базасы жасалуда. Бұл климаттық модельдеу мен болжаудың негізі.

Дегенмен, Қырғызстан мен Тәжікстанда климаттық модельдеумен айналысатын мамандардың тапшылығы 70%-ға жетеді. Бұл үлкен қауіп. Өйткені климатқа бейімделу саясатының тиімділігі дәл осы мамандар жұмысына тікелей байланысты.

Ресей: ғылым, кадр және технология арқылы қолдау

Орталық Азиядағы климаттық полиогондар тек жергілікті күшпен жүзеге аспайды. Бұл жерде Ресейдің рөлі ерекше. 2024 жылы Ресей климаттың өзгеруіне қатысты зерттеулерге 2 миллиард рубль бөлді. Бұл жобалар негізінен Арктикада жүзеге асуда, бірақ оның экологиялық проблемалары мәңгі тоңның еруі мен топырақтың тозуы Орталық Азиядағы жағдайларға ұқсас.

Казан федералдық университетінің Экология және табиғатты пайдалану институты 1969 жылдан бері эколог мамандарын дайындап келеді. Ресей бұл тәжірибені Орталық Азия елдеріне ұсынып, климаттық модельдеу, су ресурстарын басқару және шығарындыларды азайту технологиялары бойынша қайта даярлау курстарын ұйымдастыра алады. 2023 жылы Ресей Тәжікстан мен Қырғызстаннан 150 маманды оқытып, бұл елдерде мониторинг жүйелерін енгізуге сеп болды. Нәтижесінде атмосфералық ластану көлемі 5%-ға төмендеді.

Жабдықтау және технологиялық қолдау

Климаттық полиогондардың тиімді жұмыс істеуі үшін тек білім ғана емес, нақты құрал-жабдық қажет. Ресейлік «Роскосмос» компаниясы Орталық Азия елдеріне климаттың өзгеруін бақылауға арналған спутниктік деректер ұсынуда. Бұл деректерді «Казгидромет» те пайдаланады.

Сонымен қатар, метеорологиялық станциялар, дрондар, топырақ пен су сапасын зерттейтін құрылғылар да қажет. Бұл жабдықтар полиогондардың нақты экологиялық процестерді бақылауына мүмкіндік береді.

Бірлескен зерттеулер және интеграция

CAMP4ASB жобасы — Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның бірлескен бастамасы. Алайда оның 38 миллион долларлық бюджеті өңір қажеттілігінің тек 10%-ын ғана жабады. Ресей бұл бастамаға қосылып, қосымша қаржыландыру мен сараптамалық қолдау көрсете алады.

Мысалы, Сырдария алабындағы ирригация жүйесін жақсарту арқылы Арал теңізіндегі судың ағымы 5%-ға артқан. Бұл кіші Аралдағы балық қорын 10%-ға сақтап қалуға мүмкіндік берді. Осыған ұқсас жобаларды полиогондарда сынақтан өткізуге болады. Өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің 25%-ы тұзданудан зардап шегіп отыр, бұл бағыттағы технологиялар да сынаққа зәру.

Кадр даярлау — ұзақ мерзімді шешім

Орталық Азияда экология саласындағы мамандардың тек 20%-ында ғана магистр дәрежесі бар. Ал климаттық модельдеумен жұмыс істей алатындар небәрі 10%. Ресей аймақтағы кадр тапшылығын жою үшін өңірлік оқу орталықтарын аша алады. Казан университеті табиғи апаттарды болжау курстарын қамтитын бағдарламаларын ұсынып отыр. Мұндай орталықтар жыл сайын 500 маманды даярлап, бес жыл ішінде өңірдегі кадр тапшылығының 50%-ын өтей алады.

Экономикалық және саяси ықпал

Климаттық полиогондардың экономикалық қайтарымы да елеулі. Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы тұрақты технологияларды енгізу саланың ЖІӨ-сін 2023 жылы 2%-ға арттырды. Өзбекстанда суды үнемдейтін технологиялар фермерлердің табысын 15%-ға көбейтті. Қырғызстан мен Тәжікстанда ауыл шаруашылығынан күн көріп отырған халықтың табысы адаптациялық шаралар арқылы 10–20%-ға өсуі мүмкін.

Ресей үшін бұл технологияларын экспорттау арқылы жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар аймақтық ықпалын күшейтудің де тетігі.

Қоғамдық сананы ояту және саяси ерік

Қоғамдық қолдаусыз бұл бастамалар әлсіз. Қазақстанда халықтың тек 30%-ы климат пен экономикалық тәуекелдер арасындағы байланысты түсінеді. Өзбекстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш 20%-дан аспайды. Ресейдің Earthtouches сияқты үкіметтік емес ұйымдары көміртек ізімен күрес және экологиялық әдеттерді насихаттау арқылы халықты ақпараттандыруға атсалыса алады.

Климаттық полиогондар Орталық Азияның болашағы үшін шешуші жоба. Бұл зертханаларда әлемдік экологиялық проблемаларға қарсы шешімдер сыналады. Ресейдің ғылыми, технологиялық және кадрлық қолдауы өңірдің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрақты дамудың жаңа үлгісін қалыптастыра алады. Бұл үшін үйлесімді әрекет, жеткілікті қаржыландыру және нақты саяси ерік қажет. Бірақ климаттық полиогондардың өңірді өзгерту әлеуеті сөзсіз.