Қазақстанда алғаш рет ұлттық интеллектіні өлшейтін платформа жасақталды. Бұл – қазақша ойлайтындарға арналған алғашқы интеллектуалдық жүйе. «IQ Test Center » деп аталатын жобаны Ш.Есенов атындағы университеттің аға оқытушысы, PhD докторант Бақтыбай Жайлауов ойлап тапқан. Автор тың бастаманың мақсаты мен болашағы туралы айтып берді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бақтыбай Сәрсенбайұлы, IQ тест идеясы мен мақсаты жайлы былай деді:
-IQ әуелден еуроамерикалық зерттеу кеңістігінің өнімі екені рас. Бірақ біз «ұлттық интеллект» ұғымын тек шетелдік үлгімен шектемеуіміз керек. Бізде де ұшқыр ой, табиғи зерде, зерек ұрпақ, шешендік өнер, логика, тарихи жады, тіл мен пайымның шегіне жеткен бабалар болған, әлі де ұрпағы өзін озық ойлы ұлтпыз деп есептейді. Ал енді сол озық ойлы ұлттың ақыл-ой өлшемін қалай анықтаймыз? Мен осыны жаңаша жүйелеуді, өз тілімізде таразылап, өз менталитетімізге сай интеллектуалдық бағалау жасауды мақсат еттім. Сондықтан біз IQ-ді тек тест ретінде ғана емес, интеллектуалды дербестіктің экожүйесі ретінде ұсынамыз. Біз тек балл бермейміз. Біз талдау жасаймыз, кеңес береміз, тренд байқаймыз. Білім ұйымдарына, өңірлік басқармаларға, университеттерге нақты индикатор ұсынуға болады. Бұл жүйе арқылы, мысалы, белгілі бір аймақтағы оқушылардың логикалық ойлау деңгейі мен аналитикалық қабілетін уақытша және кеңістіктік талдауға болады. Ол тіпті, білім беру стратегиясын түзетуге түрткі болуы мүмкін.
Тест қазақ тілінде жасалған
-Барлығы бір қарапайым сұрақтан басталды: «Неге Қазақстанда өзіміздің IQ орталығымыз жоқ?» Мен білім саласында жүрген адам ретінде байқайтыным – біз шетелдік тесттерге тым тәуелдіміз. Олар біздің ұлттық болмысқа бейімделмеген. Тілді білмейді, мәдениетті танымайды. Содан ой туды – неге біз өзіміздің ұлттық IQ тест жүйесін жасамасқа? Жай ғана идея емес, бұл – интеллектуалдық тәуелсіздікке жасалған алғашқы нақты қадам. Мақсатымыз – ойлау мәдениетін қалыптастыру. Біздің ұрпақ ойлануға емес, есте сақтауға үйренген. Ал болашақ – ойланатын, ойлап табатын, жаңалық жасайтын ұрпақтың қолында. «IQ Test Center» арқылы сол ұрпақтың шамын жаққымыз келеді. Біз Big Data мен AI технологиясы арқылы әр адамның ақыл-ой траекториясын сызып бере аламыз. Бұл жәй тест емес, бұл – жеке даму құралы.
Әзірге 15 жастан жоғары қатысушыларға арналған. Алдағы уақытта балаларға, жоғары сынып оқушыларына, мемлекеттік қызметшілерге арналған редакциялары дайындалып жатыр. Біз бұл жүйені кәсіби кеңес беру, дарынды балаларды анықтау және адам ресурсын жоспарлау мақсатында қолдана аламыз.
—IQ деңгейін арттыру үшін не істеу керек?
-Ең жақсы жаттығу ретінде – классикалық көркем әдебиет туындыларын оқуды ұсынамыз. Бұл – ақылдың фитнесі. Логика, қиял, пайым, есте сақтау – бәрін дамытады. Мысалы, жазушы Әбіш Кекілбаевты оқу – нағыз интеллектуалдық тренинг. Сондықтан біз арнайы әдебиетке негізделген оқу бағдарламасын жасадық. Бұл – сананы шынықтыратын жүйелі әдістеме.
Жоба қазір қандай деңгейде?
-Бүгінгі күні жұмыс істейтін MVP нұсқамыз бар. Эксперимент жасалып, қазірдің өзінде алғашқы талдаулар алынды. Пайдаланушылар өз нәтижесін көріп қана қоймай, оны аймақ, сала, жас ерекшелігі бойынша салыстыра алады. Біздің келесі міндетіміз — оны ары қарай масштабтау. Жалпы басты мақсатымыз – қоғамдық маңызы бар, стратегиялық сипаттағы платформа болу. Сондықтан біз Astana Hub-тың «Startap Orda» бағдарламасына, «AI-Sana», «Инновациялық жобалар» секілді бағдарламаларға қатысып, мемлекеттік серіктестікке де қадам жасап отырмыз. Президентіміз айтқандай, ЖИ – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Біз дәл осы бағытта өз үлесімізді қосқымыз келеді. Тест тек IQ емес, EQ, креативтік ойлау, мамандыққа бейімділік, когнитивтік рефлексия, тұлғалық қабілет сынды 360° диагностика береді. Бұл – EdTech пен HR саласында теңдессіз құрал. Оның үстіне қазақи таным мен тілді ескеретін интеллектуалдық құрал бұрын-соңды болған емес. Бұл – алғашқы жоба.
Мемлекет басшысы «ғылым тек зертханада ғана емес, өмірге тікелей әсер етуі керек», — деген болатын. «IQ Test Center» – білім мен ғылымды цифрлық трансформация арқылы қоғамға ұсынатын нақты құрал. Біз ұлттың интеллектуалдық иммунитетін күшейткіміз келеді. Бұл – біздің ғылыми миссиямыз. Президенттің сөзі жобамыздың моральдық-идеялық рұқсаты сияқты. Ертең әр мектепте, университетте, тіпті жұмыс орнында IQ паспорты қалыпты нәрсеге айналады. Біз соның негізін бүгін салып жатырмыз.