Artline Kazakhstan командасы Lamborghini Super Trofeo сериясының әлемдік финалында топ жарып, тарихи жетістікке қол жеткізді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Италияның Мисано автодромында өткен байрақты бәсекеде Шота Абхазава мен Егор Оруджев Pro-Am санатында өнер көрсетті. Олар 50 минутқа созылған тартысты додада алдыңғы қатардан көрініп, жарыс аяқталуға 16 минут қалғанда көш бастады.
Алайда қарсыластар көліктерінің соқтығысуына байланысты жарыс «Safety car» режиміне өтіп, барлық қатысушының жылдамдығы шектелді. Бұл команданың басымдылықты ұлғайту мүмкіндігінен айырды. Соңғы минуттарда отандастарымыз қарсыласқа жол беріп, мәре сызығын екінші болып кесті.
Қорытындысында төрешілер алдыңғы орында келген екі командаға ереже бұзғаны үшін айып уақытын қосты. Сол себепті, Artline Kazakhstan командасына 10 секунд айып уақыты қосылып, олар төртінші орынға сырғыды.
Қазақстандық тараптың шағымынан кейін төрешілер шешімі қайта қаралып, Artline Kazakhstan командасы финалдың жеңімпазы деп танылды.