Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлап, екі жедел жәрдем қызметкері жарақат алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқыс оқиға орнында болған 23 жастағы фельдшер өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне келіп түсті. Екінші фельдшер орташа ауыр жарақат алып, нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Зардап шегушінің күйеуі әйелінің үйінді астында қалып кеткен адамдарды құтқару кезінде басынан ауыр жарақат алғанын айтты.

"Олар шақырту бойынша оқиға орнына келді: тоғызыншы қабаттың сыртқы қаптамасы құлап, астында адамдар қалып кеткен. ТЖМ қызметкерлерін күтті, бірақ олар тез келе қоймады. Кішкентай балалар шырылдап жылап жатты, әйелім жүгіріп барып, оларды шығарып алды. Кезек ер адамға келгенде жоғарыдағы кондиционер қондырғысы әйелімнің басына келіп түсті", – дейді ол.

Ер адамның айтуынша, әйелі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жабық ми жарақатын анықтап, бас сүйегіне трепанация жасады, гематоманы алып тастады және қан кетуді тоқтатты.

"Көз, мұрын сүйектері, бастың артқы жағы — бас сүйегі толығымен сынған. Оны қайтадан құрап, жамады деп айтуға болады", – дейді зардап шегушінің жұбайы.

Қазір жас келіншектің гемоглобині мен лейкоцитозы төмен екені, жағдайы өте ауыр болып бағаланғаны белгілі. Ары қарайғы медициналық шаралар МРТ жүргізілгеннен кейін анықталмақ.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Zakon.kz тілшісіне тұрғын үй жабындысының құлау кезінде барлығы бес адам зардап шеккенін нақтылады:

"9 қарашадағы жағдай бойынша жансақтау бөлімінде екі науқас жатыр. Тағы үшеуі бөлімше палаталарына орналастырылған. Зардап шеккен бес адамның екеуі еңбек міндеттерін орындау кезінде өндірістік жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз. Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр болып бағаланады. Тағы бір фельдшердің жағдайы орташа. Ол нейрохирургия бөлімінде жатыр. Зардап шеккендердің барлығы дәрігерлердің бақылауында, барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде".

Сонымен қатар, желідегі "алған жарақаттары өндірістік жарақат деп танылмағаны" туралы шындыққа жанаспайтыны нақтыланады.

"Бұл оқиға өндірістік жарақатқа жатады", — деді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Жарақат алу фактісі бойынша қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу шараларын , сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторы жазатайым оқиғаға қатысты паралелль тексеру жүргізуде.

2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы құлады. Үйінді астында бес адам қалып кетті, олардың барлығы табылып құтқарылды.