Атырау халықаралық әуежайында жолаушының "бомба бар" деген әзілінен кейін рейстер уақытша тоқтатылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "АқЖайыққа" сілтеме жасап.
Әуежай қызметкерлері жолаушыларды дереу эвакуациялап, әуежай аумағын қоршады, барлық рейс уақытша тоқтатылды. Оқиға орнына багажды тексеру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиіс жедел қызметтер шақырылды. Қауіп расталған жоқ.
Көліктегі ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 8 қарашада "Атырау — Алматы" рейсіне тіркеу кезінде болған. Белгісіз ер адам қол жүгінде жарылғыш құрал бар екені туралы жалған мәлімдеген.
"Бұл дерек бойынша Көліктегі ПД ҚР ҚК-нің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша қылмыстық іс қозғады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, әуежайдың жұмысы қалыпты режимде жүріп жатыр. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес, соталды тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді", – делінген ведомство хабарламасында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!