Алматыдағы «Динамо» стадионында Қазақстан спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ақиық азаматтарды еске алу мақсатында мемориалдық тақта орнатылды. Бұл шараға Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) бас хатшысы Әлімжан Ақаев, қала әкімдігінің өкілдері, түрлі спорт ұйымдарының басшылары, ардагерлер және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Жиналған қауым Тимур Досымбетов, Эдуард Айрих және Қазыбек Байболов сынды серкелерге арналған естелік тақталар орнатылғанына өз ризашылықтарын білдірді. Расында да, есімдері аталған азаматтардың Қазақ елі спортына сіңірген еңбектері орасан зор. Мәселен, бессайысшы Тимур Досымбетов 1982 жылы Римде өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Сол команданың сапында қандасымыздан бөлек, душанбелік Анатолий Старостин мен краснодарлық Евгений Липеев те өнер көрсетті. Сол кезде КСРО құрамасы өздерінің басты қарсыластары – Мажарстан мен Италияны артқа тастаған еді. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Тимур Камалұлы қазіргі бессайыстан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы болса, 1990 жылы жаңадан құрлыған ҰОҚ-тың тұңғыш президенті болып сайланды.

1964 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған Эдуард Айрих келген бетте допты хоккейден жерігілікті «Динамоның» тізгінін ұстады. Майталман маманның жетекшілігімен алматылықтар КСРО чемпионы атанып, күміс пен қола медальді төрт реттен иеленді. 1978 жылы Айрихтың командасы Еуропа чемпиондары кубогін олжалады. Сонымен қатар, ол көгалдағы хоккейді де дамытуға айрықша үлкес қосты. Эдуард Фердинандұлы баптаған ұжым 1969-1988 жылдар аралығында Кеңес одағы біріншілігінің 14 дүркін жеңімпазы және төрт дүркін күміс жүлдегері атанды. Ал КСРО құрамасы Мәскеу Олимпиадасында қола, Еуропа чемпионатында күміс және Құрлықаралық кубокте бас жүлдені олжалады. Социалистік мемлекеттердің басын қосқан «Достық» ойындарында бес рет топ жарды.

Қазыбек Байболовтың да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Жас шығында ол Алматының «Динамосында» ойнап, КСРО чемпионатында тоғыз рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жүлделердің төртеуі – күміс және бесеуі – қола. Бапкер ретінде бағындырған белестері одан да зор. Эдуард Айрихпен иық тіресіп еңбек еткен Қазыбек Дәулетбекұлы допты және көгалдағы хоккейшілеріміздің жоғарыда аталған жетістіктерге жетуіне сүбелі үлес қосты. Айрих пен Байболов тандемі тәрибелеген шәкіттер осы спорт түрлерінде толағай табыстарға қол жеткізді.