Бір жыл ішінде 12 айда Қазақстанда 106 мыңнан аса миграциялық заңнама бұзылған. Бүгін Алматыда бас қосқан туроператорлар осылай деп дабыл қақты. Былтыр елімізге 15 миллионнан аса шетелдік турист келсе, 10 миллион тұрғын ел ішін аралаған. Сырттан келушілер елімізде орташа есеппен 4 күн аялдаған . Десе де, сырттан келген қонақтар еліміздің миграциялық заңнамасын жиі бұзатын көрінеді. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың сөзінше, мемлекеттік органдар қарқынды жұмыс істеп жатса да, қолданыстағы заңнаманың олқы тұстары әлі бар. Ал туризм саласының мамандары мемлекеттердің заңсыз қызмет атқаратын туроператорлары мен гидтері еліміздің туристік имиджіне кері әсерін тигізіп жатыр, дейді.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» фракциясының мүшесі:
Шын мәнінде, бұл көрсеткіштер нарықтың қарқынды дамып жатқанын көрсетіп тұрғанымен де ішкі проблемалар бар. Оны заңнамалық тұрғыдан реттеуіміз қажет болып тұр. Нарықтың ары қарай дамуы үшін заңнама жүзінен кірісіп, проблемаларды анықтап, өзіміздің ұсынысымызды беруіміз керек болып тұр.
Айгүл Қаратаева, ҚР Туристік нысандар және гидтер қауымдастығының басшысы:
Туристік бизнесте туристерді тек сол елдің азаматтары алып жүруі керек. Мысалы, қолданыстағы заңнамада шетелдік гидтердің Қазақстан аумағында өзге елдің азаматтарын қай жерде ертіп жүре алатыны толық жазылған. Алайда оларды ешкім тексермейтін сияқты. Бақыламайды да. Өзге елдің гидтері туристерге қандай жағдай жасап отыр? Қазақстан туралы не түсіндіреді? Осы мәселені ретке келтіру қажет деп есептеймін.
Қуан Нұрақын