Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын тоғыстырған ауқымды жобаның іргесі қаланды. Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясы құны 200 млрд теңгеден асатын мақта-тоқыма кластерін іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы El.kz cайтына сілтеме жасап.
Бұрын Қазақстанның мақта шаруашылығы шикізаттық сипатта дамыды. Фермерлер өсірген мақтаны теріп, бастапқы өңдеуден өткізген соң мақта талшығы күйінде шетелге экспорттайтын. Мысалы, 2023 жылы Түркістан облысындағы бір ғана мақта зауыты 18 мың тонна шитті мақтаны өңдеп, одан өндірілген 6 мың тонна мақта талшығын Ресей, Беларусь және Балтық жағалауы елдеріне экспортқа шығарған. Демек, отандық мақта талшығы негізінен шетелдік тоқыма фабрикаларында матаға айналып келді, сол арқылы шет мемлекеттердің қосылған құнды өнім өндіруіне қызмет еткен еді.
Ал «Turan» АЭА-дағы жаңа кластер бұл тізбекті түбегейлі өзгертпек. Енді Қазақстанда өсірілген мақта өзімізде терең өңделіп, дайын мата және тоқыма бұйымдары түрінде экспортталатын болады. Кластер толық іске қосылған соң, Түркістан облысындағы фабрикалар шығарған өнімдер Орталық Азия, ТМД елдерімен қатар Еуропа және әлемдік нарықтарға да жөнелтілуі мүмкін. Әлемдік люкс брендтері – Louis Vuitton, Gucci және тағы басқа атақты маркалар – Түркістанда шығатын экологиялық таза жоғары сапалы мақта матасына қызығушылық білдіріп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, кластер фабрикаларында өндірілетін мата мен жіптер әлемге танымал Louis Vuitton және Gucci брендтеріне сатылатын болады. Яғни, алдағы жылдары Қазақстанда шығарылған матадан тігілген жоғары сапалы киім-кешек пен сәнді бұйымдар жаһандық нарыққа «Made in Kazakhstan» белгісімен жол тартуы ғажап емес.
Кластер толық іске қосылғанда жыл сайын 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата және 7 миллион дана төсек-орын тысы мен өзге де үй тоқыма бұйымдарын өндіруге қауқарлы болады.
Осындай көлемдегі дайын өнім ішкі нарық сұранысын қамтып қана қоймай, едәуір бөлігін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұған дейін шитті мақтаны немесе бастапқы өңделген талшықты ғана сыртқа сатып келсе, енді өңделген жоғары қосылған құнды өнімді экспорттай бастайды. Louis Vuitton, Gucci сынды әлемге танымал сән брендтері де Түркістанда өндірілетін мата мен жіпке қызығушылық танытып отыр – өнімдері сол брендтердің фабрикаларына шикізат ретінде сатылмақ. Бұл қадам қазақстандық тоқыма өнімдерін жаһандық құн тізбегіне қосып, елімізді жаңа нарықтарға шығармақ, — дейді Бауыржан Тұрлыбеков.
Бұл байланыстар еліміздің оң имиджін қалыптастырып, қазақ мақтасының бренд ретінде танылуына жол ашады. Сондай-ақ, отандық өндірушілерге әлемдік сапа стандарттарын игеруге, технологиялық тәртіп пен дизайнға қатысты жаңа тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік береді. Экспорт географиясының кеңеюі ұлттық валютаға түсетін валюта түсімін көбейтеді, төлем балансын жақсартады. Жалпы алғанда, кластер өнімінің экспортқа бағытталуы Қазақстанның экспорт құрылымын әртараптандыру стратегиясымен де үндесіп отыр – яғни мұнай, металл сияқты дәстүрлі тауарлармен қатар өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі артады деген сөз.