Алматыда арнайы қызмет пен полиция жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан топты құрықтады. Тергеу деректері бойынша, күдіктілер әлеуметтік желілер арқылы әлеуметтік осал топтағы әйелдерді тауып, оларды баласынан бас тартуға көндірген. Кейін нәрестелерді сатып алуға дайын адамдарға заңсыз өткізген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Арнайы операция кезінде сәби сату дерегі құжатталып, бала мемлекет қамқорлығына берілді. Күдіктілер ұсталып, Қылмыстық кодекс аясында іс қозғалды.

Алматы полициясы бұл істің өзге өңірлермен байланысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.