Түркістан облысында биылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 139 дерегі анықталған (2024 жылы – 280). Заңсыз айналымнан 198 кило 527,60 гр есірткі заттары тәркіленіп, екі бірдей фитозертхананың қызметі тоқтатылған. Тәркіленген заттар ішінде, синтетика есірткі заты, гашиш, марихуана, көкнәр сабаны, кокаин бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл деректерді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Сахов нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында келтірді.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2025 жыл – профилактика жылы деп аталды. Бекітілген жоспарға сәйкес, облыстық полиция департаменті тарапынан профилактикалық шараларды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті нығайту мақсатында қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғау бағытындағы шаралар күшейтілді. Осы негізде департамент жанында есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылып, нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілген күнделікті мониторинг нәтижесінде 405 ақпараттық сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды.

Ойын-сауық орындарында 48 рейдтік іс-шара жүргізілді. Сонымен қатар әуежай, теміржол вокзалы, «Қазпочта» қызметкерлерімен бірге есірткі құралдары және психотроптық заттарды заңсыз жөнелту фактілерін анықтау үшін департаменттің қызметтік иттерінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары тұрақты атқарылып, жалпы 50 рейдтік іс-шара өтті. Одан бөлек, тоқсан сайын «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Айта кетелік, күні кеше Түркістан облысы полиция департаментінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасының ресми ашылуы өтті.

Түркістан облысы