Қарағанды облысының Ақой ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы бір жылға кешікті.
Медициналық нысан былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді.
Алайда мердігер компания ол үдеден шықпаған. Осыған байланысты жұмысты аяқтау мерзімі биылғы маусым айының 1-іне дейін созылған. Жалпы өңірде ұлттық жоба аясында құрылысы кешіккен 15 медициналық нысан бар.
Ақой ауылының дәрігерлері жұмыс істеген ғимарат әбден ескірген. Осыған байланысты оларды мәдениет үйінің бір бөлмесіне көшіріпті. Қазір ауыл тұрғындарына осы аядай жерде қызмет көрсетіледі.
Манар Ахмет, мейірбике:
- Бір бөлме, ширма міне. Соның артында емімізді жасаймыз. Әйелді бөлек, еркекті бөлек. Әрине көрініп тұр ғой көп кемшілік бар екені. Мына жер талапқа сай емес.
Ауылда 637 адам тұрады. Халықтың басым дені зйнеткерлер. Олар медициналық көмекке жиі жүгінеді. Алайда қажетті емнің көбін 100 шақырым жердегі аудан орталығы Ақсу-Аюлыға барып алуға мәжбүр. Осыған байланысты жаңа медициналық ғимараттың берілгенін асыға күтіп жүр.
Ернар Шаханов, Ақой ауылының тұрғыны:
- Осыны тез бітіріп беріп ауыл тұрғындарына берсе. Өйткені көптеген ыңғайсыздықтар бар. Қарапайым система ала алмай жатыр. Пенсионерлер мұнда көп тұратын. Бұл жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кісілер бұл жерде.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Ақой ауылында мына фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы былтыр жазда басталған болатын. Жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігерлік ұйымның салғырттығынан жұмыс кестеден кешікті. Келісім-шарт биылғы жылдың маусым айына дейін созылған еді. Бірақ жұмыстың тек 80 пайызы ғана орындалған.
Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары істеліп жатыр. Кейін жиһазы мен жабдығы жеткізіледі. Жалпы фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысына 241 миллион теңге бөлінген. Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан осындай 15 нысанның құрылысы кешіккен. Соның 10-ы Шет ауданында, қалғаны Қарқаралы ауданында.
Абылай Смағұлов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауа райының себептеріне, медициналық жабдықтардың кешігуіне байланысты кейбір ысандардың құрылысы осы жылға өткізілді. Әрине енді құрылыс болған соң осындай түрлі себептер болады. Басқарма тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Енді үлгермей жатқан мердігерлерге санкцияларға жүгінеміз, айыппұлдар саламыз дегендей.
Облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жылдық жоспар бойынша барлығы 92 медициналық нысан салынуы тиіс. Бүгінгі таңда 26 ғимарат пайдалануға берілді. Қалғаны жыл соңына дейін тапсырылады, дейді құрылыс басқармасының мамандары.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит