Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Сатпай елді мекенінде салынып жатқан әуежайдың құрылысымен танысты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бұқтырма көпірі пайдалануға берілсе, биыл Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы басталды. Жаңа көпір Қазақстан мен Қытай арасындағы жолды бір күнге қысқартты. Енді жаңа әуежай Моңғолия мен Қытай арасындағы халықаралық байланысты жиілетеді. Бұл, бірінші кезекте, туризмге, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларға серпін беретіні сөзсіз", – деді облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы.
Әуежайдың құрылыс алаңында бірқатар мәселелер бар, бірақ олар өз шешімін тауып жатыр. Ұшу-қону жолағының ұзындығы әзірге 2200 метр. Оның негізі Airbus және Boeing ұшақтарын қабылдай алатындай етіп салынып жатыр. Алғашқы кезеңде сыйымдылығы 80–85 орындық ұшақтар қатынайтын болады. Егер әуе қатынастарына сұраныс артып, қозғалыс жиілесе, ұшу-қону жолағын екі шетінен 400 метрге ұзарту көзделеді. Сондай-ақ үстіңгі тас жол қабаты толық күшейтілмек.
Әуежай құрамына 4000 шаршы метрлік жолаушылар терминалы, ұшу-қону жолақтары, төрт әуе кемесіне арналған перрон, басқару-диспетчерлік мұнара, апаттық-құтқару қызметі, метеостанциялар мен радионавигациялық жабдықтар кіреді.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Астана, Алматы және Өскемен бағыттары бойынша ішкі рейстер орындалады. Сонымен қатар Қытайдың Үрімжі қаласына, Алтай ауданы мен Қанас көліне халықаралық рейстер ашу жоспарлануда. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 секілді өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз