Ақтауда Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушы профессор құрамы «Отбасы банктен» қолжетімді ипотека алып, баспаналы бола алады. Бұл «Корпоративтік» бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. «Отбасы банктің» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен университет ректоры Берік Ахметов аталған бағдарламаны іске асыру жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.


Нұрлан Ақшановтың айтуынша, «Корпоративтік» бағдарламасы аясында тараптар 200 млн теңгеден қаржы бөледі. Бұл қаражат университет қызметкерлеріне жеңілдетілген қарыздар ұсынуға бағытталады.

- Бағдарламаның шарты бойынша бастапқы жарна – 10 пайыз. 5,2% – 5,3%-бен 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бағдарламаға баспанасы жоқ, жас, перспективті оқытушылар қатысады. Есенов универтитеті бағдарламаға өте қатты қызығушылық танытты. Соның нәтижесінде бүгін «Корпоративтік» өнімді жүзеге асыру туралы келісімге қол қойып отырмыз. Бағдарлама келесі жылы да жалғасады деген ойдамын, – деді Н.Ақшанов.

Университет басшылығы баспанасы жоқ қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеріп, оқу орнына жас мамандарды жұмысқа шақыруды көздейді.

- Біздің оқытушылар мен зерттеушілер үшін Маңғыстауда қолжетімді тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін маңызды келісімге қол қойдық. Университет пен банк 200 миллион теңгеден бөледі. Жалпы сомасы 400 миллион теңге көлеміндегі қаражат әріптестеріміздің баспаналы болуына жол ашады. Бұл аймақтағы техникалық және инженерлік мамандықтарды дамытуды өз мойнына алған университет үшін ғана емес, бүкіл өңірдің кадрлық әлеуеті үшін маңызды қадам, – деді Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов.

«Отбасы банк» «Корпоративтік» бағдарламасын бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бұл – өз қызметкерлерінің қолжетімді шарттармен баспана алуына жағдай жасағысы келетін компанияларға арналған арнайы бағдарлама. Банк Қазақстан бойынша ондаған кәсіпорынмен серіктестік орнатып, зауыттар мен өнеркәсіп орындарының, әртүрлі компаниялардың қызметкерлеріне жаңа баспана алуға көмектескен.

- Бағдарлама 2019 жылы осы Маңғыстау облысында басталды. Мұнай компаниясының 99 жұмысшысы баспаналы болды. Одан кейін, Назарбаев зияткерлік мектебі де осы бағдарламамен қызметкерлерін баспанамен қамтыды. Енді міне, Есенов университетінің басшылығы өзінің жас оқытушыларына қолдау көрсетіп жатыр. Жұмысқа енді ғана кіріскен жастардың баспана мәселесін шешу өте маңызды. Біздің «Отбасы банк» те қолдау көрсетіп, қаражат бөліп отыр, – деді «Отбасы банк» Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиев.

4

Бағдарламаға қатысушылар тізімін университет қалыптастырады. Айта кетейік, «Отбасы банк» әкімдіктермен бірлескен жобалар аясында 14 мыңнан астам адамға несие берген. Ал, «Корпоративтік» бағдарламасы және жалға беріп-жинақтау механизмі арқылы 519 қызметкер баспаналы болды.