Қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXХIX сессиясы өтті.


Алматыда 5 жыл ішінде өңірлік жалпы өнім көрсеткішіндегі шағын және орта бизнес үлесі 65%-ға дейін жетіп, ал орта бизнес үлесі 11,5%-дан 23%-ға өседі. Бұл туралы Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәслихат отырысында Алматының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары таныстырылды. Жоспар аясында қаланың дамуы үшін 7 басым бағыт анықталған: Тұрақты экономикалық өсім, Көлік жүйесін кешенді дамыту, Ыңғайлы қалалық орта, Әлеуметтік тұрақтылық пен сенімділік, Жасыл Алматы, Смарт-сити және Қауіпсіз қала.

"Тұрақты экономикалық өсім" бағытында алдымызға өршіл мақсат қойып отырмыз. Бұл – жылдық экономикалық өсім қарқынын 6%-дан кем емес деңгейде ұстап, қаланың өңірлік жалпы өнімін алдағы 5 жыл ішінде 70 трлн теңгеге дейін екі есеге арттыру. Адам басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім 33%-ға өсіп, 39 мың долларға жетеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,5 есе артады, 2030 жылға дейін 2 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін, ал тікелей шетелдік инвестициялар 7 млрд долларға барады. Алматыда қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылады", – Экономика және қаржы басқармасының басшысы.

Бауыржан Құдайбергенов 5 жыл ішінде өңірлік жалпы өнім құрылымында шағын және орта бизнес үлесі 65%-ға дейін жететінін, ал орта бизнес үлесі 11,5%-дан 23%-ға өсетінін айтты. Сондай-ақ, қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары кеңейтілмек.

"Индустриалды аймақты кезең-кезеңмен кеңейту жоспарланған: 2026 жылдың соңына дейін 194 гектарға, ал 2028 жылға дейін тағы 440 гектарға. Бұл 100-ден астам жаңа өндірістік кәсіпорынды орналастыруға және 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2027 жылы "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының ерекше режимі аяқталады. Аймақтың маңыздылығын ескере отырып, арнайы экономикалық аймақтың аумағын кеңейту және преференциялар мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту мәселесі пысықталады. Осы шаралардың нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 40%-ға өсіп, 2030 жылы 7 млрд долларға жетеді", – деді Бауыржан Құдайбергенов.

Айта кету керек, бұған дейін Алматы елдің жалпы ішкі өнімінің 23%-ын қалыптастыратынын жазғанбыз.