Бәйгетөбе ауылында спорт кешені ашылды. Бұған балалар қуанып жүр.
Жаңа кешенде спорттың 19 түріне шыңдайтын жаттығу залдары бар. Жалпы кейінгі бес жылда өңірде 40 спорт нысаны салынса, оның 27-сі ауылдарда бой көтерді. Жыл аяғына дейін Қызылқоға, Махамбет және Индерде спорт мектебі пайдалануға беріледі.
Бәйгетөбенің балалары бұрын аудан орталығы Мақат кентіндегі секцияларға теміржол өткелі арқылы қатынайтын. Енді ауылда заманауи талапқа сай жабдықталған спорт кешені бар. Мұнда спорттың тоғыз түрінен шынығуға болады. Ауыл балалары жаттығу кестесіне қарамай, қолы қалт етсе, залға ағылады.
Мейірім Жәнібекұлы, оқушы:
- Бүгін негізі волейбол ойнайтын ағалардың күні еді. Бізге ұрыспайды, ойнатады. Бұрын арғы бетке, Мақатқа баратын едік. Қазір өзімізден ашылып, жақсы болды. Үйдің қасында балалармен күнде жиналамыз.
Мақат ауданының жастары футболға бұрыннан бейім. Спорт кешендерінде қолайлы жағдай жасалғаннан кейін, күрес түрлеріне де машықтана бастаған. Бүгінде аудан бойынша дзюдоға 100-ден астам талапкер қатысып жүр. Енді оған Бәйгетөбе ауылының балалары да қол жеткізді.
Абзал Қапсалимов, жаттықтырушы:
- Осы ашып отырған спорт кешеніне жаңадан бала қабылдаудамыз. Қазірдің өзінде 20-30 бала жинақталды. Балаларды жалпы 10 жастан жоғары қабылдаймыз. Нәтижеміз жаман емес.
Ауданда 12 мыңдай адам салауатты өмір салтын ұстанады. Үш спорт кешенінде 2 мыңнан астам жасөспірім спорттың 18 түрін меңгеруде. Олардың алды облыстық, республикалық спарткаиадаларда топ жарып жүр. «Бастысы — ірі спорттық сайыстарды өзімізде өткізуге мүмкіндік бар», — дейді аудандық спорт басшылары.
Нұрлан Есболов , Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Жыл басынан бері 47 спорттық шара өткізілді. Оның 16-сы республикалық жарыстар болды. Сол жарыстарда жастарымыз шыңдалып, қазіргі таңда облыстық республикалық, әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтатын болсақ, Бақыткерей Заманбек әлем кубогынен жүлдегер атанды. Онан бөлек, Кәусар деген қызымыз дзюдодан ҚР-ның жүлдегері атанды.
Соңғы төрт жылда облыста 36 көпсалалы спорт кешені мен 25 жазғы ойын алаңын салу жоспарланса, 42 нысан іске қосылды. Жыл аяғына дейін Қызылқоға ауданында 2, Махамбетте 3 спорт мектебі пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалған құрылыстар келесі жылдың еншісінде.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин