Еуропа Одағының Орталық Азия елдерімен сауда-саттығының 80 пайызы бізге тиесілі. 2005 жылдан бері бірлестік елімізге 200 млрд доллардан астам инвестиция салған. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаның кездесуі барысында айтылды.

Бүгін бас қалада тараптар келіссөз өткізіп, арадағы қатынасқа қарқын қосу жайын талқылады. Келелі кеңесте көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін.