Өмірге сәби келген соң тамағы тоқ, көйлегі көк болуға тиіс. Бірақ әлемде әр бесінші бала кедейшілікте өмір сүріп жатыр. ЮНИСЕФ-тің дерегіне қарағанда олардың көбі Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері мен Оңтүстік Азия тұрғындары. Жаңа есеп бойынша жаһандық ахуал бұдан кейін де оңала қоюы екіталай. Қайта нашарлай түседі деген болжам басым.
Төмен және орта табысты елдердегі әр бес баланың бірі, яғни шамамен 417 миллион бүлдіршін кедейліктің зардабын тартып отыр. ЮНИСЕФ осындай деректер келтіріп отыр. Мамандар 130-дан астам елдегі жағдайды саралаған. Зерттеу жүргізген кезде білім беру, денсаулық, тұрғын үй, тамақтану, санитария және ауызсуға қолжетімділік секілді алты негізгі көрсеткіш есепке алынған. Ұйым өкілдері әсіресе Сахараның оңтүстігіндегі Африкадағы және Оңтүстік Азиядағы ахуалға алаңдаулы. Мәселен, Чадта балалардың 64%-і екі немесе одан көп фактордан, 25%-ке жуығы үш немесе одан да көп фактордан тапшылық көреді.
Антини Макепа, Кигоми тұрғыны:
- Мен үшін күнімнің ең қуанышты сәті – тігінге тапсырысты орындаған соң отбасымның қуанғанын көру. Кейін үйге ертерек келіп, анама үй шаруасына көмектесемін. Ал күнімнің ең қиын сәті – тігін машинам бұзылып, тіге алмай қалатын кездер. Ондай күндері қиын, өйткені ештеңе істей алмай қаламын. Мен өзімнің жақсы киімге, жақсы тамаққа және білімге қол жеткізуге құқығым бар екеніне сенемін.
Санитария – ең кең тараған жетіспеушілік: төмен табысты елдерде балалардың 65%-інде дәретханаға қолжетімділік жоқ. Тиісті санитарлық жағдайдың болмауы балалардың түрлі ауруларға шалдығу қаупін арттырады. Төмен және орта табысты елдерде тапшылық көретін балалардың үлесі 2013 жылғы 51%-дан 2023 жылы 41%-ке дейін төмендеді. Бұл саяси жобалар мен экономикалық жоспарлауда бала құқықтарын басымдыққа қоюдың нәтижесі. Алайда бүгінде ахуал қайта күрделеніп жатыр. Қақтығыстар, климат және экологиялық дағдарыс, демографиялық өзгерістер, ұлттық қарыздың өсуі және технологиялық теңсіздік күнкөрісті қиындатып отыр. Бұдан бөлек ресми даму көмегінің қысқаруы да айтарлықтай әсер еткен. Мамандар: «көмектің қысқаруы 2030 жылға қарай 5 жасқа дейінгі 4,5 миллион баланың өліміне әкелуі мүмкін», – дейді.
Сэм Нхумелени, Йоханесбург тұрғыны:
- Мұнда өмір сүрудің қиындықтары көп. Біріншіден, ауа райы. Жауын жауған кезде қатты қорқамын. Бір кезде нөсерден су тасып, үйіме 5 метр жетпей тоқтаған. Сондықтан қатты жауын басталса, бірден уайымдаймын. Электр қуатының жоқтығы да қиын. Балалар сабақ оқитын кезде телефонымның қуаты бітіп қалса, шаммен отырамыз. Кейде олар оқып отырып шамды өшіруді ұмытып кетеді. Бір күні оқыста үй өртеніп кетсе баспанадан да айырыламыз.
Кей елдер тиімді шешімдердің арқасында кедейлікті төмендете алған. Мәселен, Танзания 2000–2023 жылдар аралығында балалар арасындағы кедейшілікті 46% төмендетті. Бангладеште де дәл осы кезеңде 32%-тік тармаққа төмендеді. Сарапшылар: «кедейлік балалардың денсаулығына, дамуына және оқуына зиян келтіреді, бұл болашақта олардың жұмыс табуын қиындатып, өмір сүру ұзақтығын қысқартады және депрессия мен мазасыздық деңгейін арттырады», – дейді. Жоғары табысты елдерде де мұндай жағдай кездеседі. 37 ел кейінгі онжылдықта балалар кедейлігін орта есеппен 2,5% төмендетті. Словенияда да жоқшылық деңгейі төрттен бірге төмендеді. Бұған негізінен отбасыға арналған жәрдемақылар жүйесі және ең төменгі жалақы туралы заңнама ықпал етті. Ұйым өкілдерінің айтуынша, үкіметтер нақты шешім қабылдап, күш салмаса, алдағы жылы тағы алты миллион бала мектептен тыс қалмақ.
Авторы: Әйгерім Ардаққызы