Қазақстанда соңғы жылдары жаңадан салынған үйлердің сапасына қатысты шағым көбейді. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлердің қабырғасы қақырап, шатыры опырылып түскен жағдайлар жиілеп кеткен. Бұл мәселе Мәжілістің бүгінгі отырысында қызу талқыланды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат Нұртай Сабильянов жаңа Құрылыс кодексінің жобасын талқылай отырып, салада бақылау мен жауапкершіліктің жоқтығын ашық айтты.
«Екі жыл өтпей қабырғасы жарылған, төбесі сыз өткен үй — біздің елімізде қалыпты жағдайға айналып кетті. Мұндай немқұрайдылық халықтың ашуын тудырып отыр. Құрылысқа кеткен әр тиын – халықтың ақшасы. Сондықтан сапасыз салынған үй үшін нақты жауап беретін уақыт жетті», – деді депутат.
Жаңа кодексте алғаш рет оперативті әрекет ету тетігі қарастырылған. Бұл жүйе құрылыс кезінде анықталған заңбұзушылықтарға бірден шара қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, енді ГАСК (мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау) өкілдері заң бұзған компанияның жұмысын дереу тоқтата алады.
«Қағаз жүзінде бәрі әдемі, бірақ іс жүзінде шатыры ұшып, қабырғасы жарылған үйлер тұр. Сондықтан жедел тоқтату мен қатаң бақылау механизмі керек», – деді ол.
Сонымен қатар депутаттар гарантия мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін, ал негізгі конструкция мен шатырға 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл — мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған қадам.
«Мердігер үйді тапсырған соң екі жыл өтпей жоқ болып кетеді. Ал тұрғындар сыз тартқан қабырғамен, жарылған плитамен қалады. Енді ондай компаниялар жауапсыз кетпейді», – деп түйді Сабильянов.