Атырау облысында жыл соңына дейін 250 шақырым жол жөнделеді. Осы мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттен 58 миллиард теңге бөлінді. Талдыкөл ауылында жаңа жол мен көпірдің құрылысы қыза түсті. Былтырғы тасқын кезінде елді мекен бағытындағы 500 метрді су шайып кеткен еді.

Қазір негізгі күш көпір маңайына шоғырланған. Ұзындығы 54 метр болатын нысан толық бетоннан құйылып жатыр. Мамыр айында су шайып кеткен аумақ тазаланып, жаңа құрылыстың іргетасы құйылған. Жоба бойынша бұл жерде екі жолақты бетон көпір орнатылады. Құрылыс ең озық технологияға негізделген.

Арғын Айтқалиев, жол учаскесінің бастығы:

- Екі жағы бетонитті маты болады. Оның үсті решетка щебеньмен толықтырылады. Былай айтқанда бетон. Сосын үстіне астын жасап қойдық ресаит дейміз ол да холодный бетонирование қалыңдығы 21 см. Оның үстіне тағы 16 см тегістегіш қабат түседі. Оның үстінде 12 см асфальт болады.

Мұның бәрі былтырғы келеңсіздік қайталанбас үшін жасалып жатыр. Арнасынан асқан канал бір күнде көпірді бұзып, жолдың 500 метрі жарамсыз болып қалды. Бір мыңға тарта тұрғыны бар ауыл аралда қалды. Көпір құрылысымен бірге 6 шақырымдық жолдың да негізгі жұмыстары аяқталуға жақын.

Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:

- Ол кезде осы Талдыкөл ауылының жолындағы суөткізгіштер санынынң аз болуына байланысты нөпір суды қабылдай алмадық. Осыған сәйкес қазіргі уақытта жоба қайта бекітіліп, қайта қаралып, осы жердегі су өткізгіштер санын көбейттік. Жоба бойынша биылғы жылдың декабрь айында осы жол құрылысы аяқталады деп күтілуде

Жалпы тасқын кезінде жарамсыз болып қалған Махамбет, Индер аудандарындағы 12 елдімекеннің жолын жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов