Өзбекстан Моңғолиядан жыл соңына дейін 100 мың бас қой әкеледі. Маусым айында қос ел президенттері осындай мәміле жасаған. Қойдың алғашқы легі Новаи облысына ұшақпен жеткізіліп те қойды . Өзбекстан 2029 жылы елдегі уақ малдың басын 1 млн-ға жеткізуді көздейді. Өйткені бұл өлке көгөніс, жеміс мол болғанымен, малға жайсыздау.
Өзбекстанда ет бағасы биыл тіптен шырқап кетті. Келісі 120 мың сум яғни біздің ақшамен бес мың теңге. Оған бірнеше себеп бар. Оның негізгісі мемлекеттің басты ет экспорттаушылары Қазақстан мен Қырғызстан өнімді сыртқа сатуға шектеу қойды. Ал енді Моңғолиядан импортталатын ет өнімдері бағаны тұрақтандыруға жете ме?
Өзбекстан Моңғолиядан 100 мың бас қой сатып алды
Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстанға ет экспортына шектеу енгізгелі, көрші елде өнімге деген сұраныс артып, нарыққа тікелей әсер етті. Қазір қара малдың бір келісі орташа есеппен 8,33 доллардан сатылып жатыр. Бұл бес мың теңге шамасы. Сәйкесінше көрші елге Беларустен ет импортталуда. Осылайша Өзбекстан ет өнімдерінің бағасы бойынша ТМД елдері арасында көш бастады. Ташкент облысындағы мал базарында сатылып жатқан төрт түліктің дені Қазақстаннан келген. Мұнда әр жексенбі сайын таң сәріден сауда басталады. Базар іші қайнаған халық. Аяқ алып жүру оңай емес. Семіз қойлардың құны 200 мың теңгеге пара пар.
Қанат Боранбаев, Бостандық ауданының тұрғыны:
- Қозыларымыз 3 жарым млн сомнан 3 млн арасында сауда болып жатыр. Қойларымыз 4 жарым 4 млн әртүрлі. Етіне қарап сауда болып жатыр. Әр жексенбі сайын осында келеміз.
Жылқы еті де сұранысқа ие. Сәйкесінше, бағасы да бізден қымбат. Мәселен, екі жасар тайлар 600 мың теңге көлемінде.
Ташкент қаласындағы Чорсу орталық базарында Қазақстан мен Беларусь елінен жеткізілген ет өнімдерін сатып алуға болады. Саудагерлердің айтуынша өнім сойылып, немесе мал тірідей шекара асады. Базардағылар ет келісін 80 мың сумнан қабылдайды. Бұл 3174 теңгеге тең.
Өзбекстан президенті мауысым айында Моңғолияға сапарлап, ауылшаруашылық саласында бірқатар келісім жасады. Атап айтқанда екі мың тонна қой мен жылқы етін экспорттауға келісім жасалды. Сондай-ақ 100 мың бас шопан ата тұқымын әкеліп, малдануды жоспарлап отыр. Осылайша, 2029 жылға қарай елдегі қой басының санын 1 млн-ға жеткізбек.