Мұражай дүйсенбіден басқа күндері сағат 11:00 мен 20:00 аралығында жұмыс істейді.

Алматыда жаңа өнер ордасы – Almaty Museum of Arts өз қонақтарын күтуге дайын. Мұражай ресми түрде 12 қыркүйекте ашылады және аптаның дүйсенбісінен басқа күндері жұмыс істейді. Бұл туралы мұражайдың ашылу қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Мұражайға кіру билетінің стандартты құны – 2 мың теңге, арнайы билет – 500 теңге. Әр түрлі санаттағы келушілер үшін қосымша жеңілдіктер мен тегін кіру мүмкіндіктері қарастырылған.

Жаңа мұражайдың аумағы 10 мың шаршы метрден сәл астам. Оның ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет фирмасы жобалаған. Мұражай екі қабаттан тұрады.

  • Бірінші қабатында "Ұлы Дала" және "Сарыарқа" көрме алаңдары орын тепсе, одан бөлек танымал суретші Ричард Серраның "Қиылыс" туындысына арналған жеке зал бар. Сондай-ақ, "Өнер көшесі", "Әл-Фараби" көпфункционалды залы, кәсіби қор сақтау орны, қалпына келтіру залы және "Шеберхана" шығармашылық кеңістігі бар.
  • Екінші қабат заманауи шеберлердің экспозицияларына берілген. Келушілер Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер сияқты көрнекті суретшілердің туындыларын тамашалай алады.

Мұражай гидтерінің түсіндіруінше, ғимарат Шарын шатқалының сипатында жасалған. Ғимараттың визуалды бейнесі тау ландшафты мен заманауи қаланың үйлесіміне негізделген. Ғимараттың сәулет тұжырымдамасы екі L тәрізді құрылымнан тұрады: оның бірі Юра дәуірінің әктастарымен қапталған – бұл таулардың табиғи қуатын бейнелейді, ал екіншісі қазіргі қаланың қарқынды ырғағын көрсететін алюминий панельдермен жабылған.

Мұражайдың жасыл желекке оранған аумағында ашық аспан астындағы мүсіндер, субұрқақтар мен демалыс аймақтары орналасқан. Олар өнер мен жайлы демалыс үшін тамаша үйлесімді орта қалыптастырады.

Almaty Museum of Arts өзінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың ерекше топтамасын ұсынады. Нұрлан Смағуловтың жеке коллекциясынан Қазақстан, Орталық Азия және басқа елдерден 700-ден астам өнер туындысы мұражай қорына таңдап алынды.

"Өнер менің өміріме үлкен әсер етті. Сондықтан мен Almaty Museum of Arts мұражайы басқаларға да осындай шабыт пен жанашырлық сыйлайды деп шын жүректен үміттенемін. Келушілердің алғашқы пікірлері аймақтың мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оның болашағы туралы ойлануға мүмкіндік беретін кеңістіктің маңыздылығын көрсетіп отыр. Мұндай ыстық ықылас мені шабыттандырады және мұражай білім, ашық диалог пен жаңа бастамалардың ордасына айналады деген сенімімді нығайта түседі", – деді мұражайдың негізін қалаған кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.

Өнер мұражайының алғашқы көрмесі суретші Алмагүл Меңлібаеваның шығармашылығына арналған. Ол мұнда өзінің "Мен бәрін түсінемін" атты ретроспективалық көрмесін ұсынып отыр. Көрме 2026 жылдың мамырына дейін көрермендерге ұсынылады. Экспозиция Меңлібаеваның 1980-жылдардың соңынан бүгінге дейінгі шығармашылық жолындағы негізгі кезеңдерін қамтиды. Кескіндеме, фотосурет және иммерсивті бейнеинсталляциялар арқылы Меңлібаева феминизм, экология, тұлғалық саясат және Орталық Азия мифологиясы тақырыптарын зерттейді.

Екінші көрме – Qonaqtar ("Қонақтар") деп аталады. Оны мұражайға келушілер 2027 жылдың тамызына дейін тамашалай алады. Мұражайдың бас кураторы Инга Лаце дайындаған "Қонақтар" көрмесі қонақжайлық дәстүрі мен көші-қон тақырыбын терең саралайды. Айша Ғалымбаеваның "Қойшылар тойы" (1965) мен Салихитдин Айтбаевтың "Тың өлкеде. Түскі ас" (1960-жылдар) сынды ұлы туындылар негізінде құрылған бұл көрме заманауи өнердің көрнекті өкілдері Ербосын Мелдібеков, Диляра Каипова мен Шыңғыс Айдаров секілді тұлғалардың шығармаларын ұштастыра отырып, болмыс, жер ауыстыру және өз тамырын іздеу мәселелерін ашып көрсетеді.

Суретшілер залдары

Almaty Museum of Arts біздің өңір үшін заманауи өнердің негізгі шеберлері – Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яёи Кусама және Билл Виоланың жұмыстарын тікелей көруге мүмкіндік береді. Олардың жұмыстары әр суретшіге арналған арнайы залдарда қойылған, бұл келушілерге олардың әлемі мен шығармашылық мұрасына терең енуге мүмкіндік береді.

Ричард Серраның "Қиылыс" (2011) мүсіні — американдық мүсіншінің тірі кезінде келісімімен жаңа орынға орнатылған соңғы ауқымды туындысы. Салмағы 155 тоннаны құрайтын алып, иілген болат табақтардан тұратын бұл мүсін өзіндік лабиринке ұқсайтын кеңістік. "Қиылыс" келушіні жай ғана бақылаушы емес, керісінше белсенді қатысушы болуға шақырады. Мұнда сіз тек жұмысқа қарап қана қоймай, ішінде жүріп, мүсіннің салмағын, ауқымын және бос кеңістіктің маңыздылығын сезінесіз.

Неміс суретшісі Ансельм Кифер өзінің іргелі "Бұл жазбалар өртенгенде, ақыры бәрі анық болады" (2020-2021) атты кенебінде кескіндеме мен мүсін арасындағы шекараны бұзып, материал ретінде ағаш, өртенген кітаптар, көмір, эмульсиялар және басқа да дәстүрлі емес материалдарды пайдаланды. Алғаш рет 2022 жылы Венеция биенналесі кезінде Палаццо Дукале сарайында көрмеде қойылған туынды тарих, күйреу мен қайта өрлеу туралы толғанады.

Жапон суретшісі Яёи Кусама келушілерді өзінің таңғажайып туындысы – "Шексіздік бөлмесіне" шақырады. Бұл қараңғы айна кеңістігінде суретшіге тән бұршақ өрнектері жан-жақтан жарқырап, шексіздік әсерін тудырады. Мұражайда ұсынылған "Махаббат шақырады" (2013) инсталляциясы оның шығармашылығының шыңы болып саналады. Инсталляция ішінде жүрген көрермендерді Кусаманың жапон тілінде оқыған махаббат туралы өлеңі құшағына алып, суретшінің таңғажайып әлеміне шақырады.

Америкалық бейнеөнердің пионері Билл Виоланың "Тұрақтар" (1994) инсталляциясы бес экраннан және бес қара гранит тақтадан тұрады. Автор сопылық философиядан шабыт алып, адамның ішкі жағдайы туралы ой толғауға шақыратын медитативті кеңістік жасаған.

Ашық алаңдағы өнер

Мұражайға арнап жасаған мүсіндер келушілерді музей алаңында қарсы алады.

Маңғыстаудағы Торыш "Шарлар алқабы" берлиндік суретші Алисия Кваденің "Препозиция" (2023) атты алып туындысын жасауға шабыт берді. Жердің түкпір-түкпірінен әкелінген 16 түрлі табиғи тастан жасалған алып сфералардан және металл құрылымнан тұратын композиция ауыр материяны кеңістік, тартылыс күші және адамның Әлемдегі орны туралы поэтикалық толғанысқа айналдырады.

Алматылықтардың ерекше ілтипатына ие болған, Әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысында орнатылған, қазақы бұрымды қыздың он екі метрлік портреті – испандық мүсінші Жауме Пленсаның "Надэс" (2023) туындысы қалалық қарқынның ортасында тыныштық пен ой толғау сәтін сыйлайды.

Британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаре мұражай үшін желге толы желкенге ұқсайтын сегіз метрлік алюминий композициясы "Жел мүсіні (ҮҰ) II" туындысын жасады. Анкара маталарынан шабыт алған суретші өзінің шығармашылығында орталық орын алатын мәдени бірегейлік және отаршылдық мұра тақырыптарын қозғап, жарқын қол бояуын қолданады.