Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 20 миллионға татитын жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .
Президенттің жолдауынан кейін журналистер Үкімет дәлізінде депутаттарға бір палаталы Парламент құру туралы сұрақ қойды. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек бұл реформада тек артықшылық барын айтты.
"Мүлде кемшілік көріп тұрған жоқпын. Қаржы үнемдеу де бар, заңдарды қабылдау жылдамдығы да бар. Бұл — заң шығару процесінің тиімділігі, плюрализм, саяси өмірге, сайлауларға қатысу мүмкіндігі", — деді Базарбек.
Журналистер "бір палаталы Парламентте қанша депутат болуы мүмкін (қазір Мәжілісте 98, Сенатта 50)?" деп сұрады.
"Нақты айта алмаймын, жаңа Парламентте 120-130 депутат болатын шығар", — деп жауап берді ол.
Депутат жалақы туралы сауалға былай жауап берді:
"Жеке өзім жұмысымды атқарамын. Өзімнің жалақым кем дегенде 20 миллион болуы керек деп есептеймін. Өйткені 20 миллионға татитын жұмыс істеп жүрмін", — деді Базарбек.
Еске салайық, бүгін Президент Қазақстанда парламенттік реформа өткізуді ұсынды. Бұл мәселе бойынша референдум 2027 жылы өтуі мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!