Оралда «Мерейлі отбасы » байқауының жеңімпазы анықталды.

Ұлттық салт-дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттайтын шара биыл он екінші рет өтті. «Бұл жолы 100-ден астам жанұя қатысып, 21-і облыстық кезеңге жолдама алған. еді. Қай-қайсысы да дарынымен дараланған, үлгілі отбасылар», — дейді ұйымдастырушылар.

Бөрлі ауданында тұратын Сүйінғараевтар отбасы мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жіберген, үрім-бұтағы жайылған жандар. Мұратбай ақсақал биыл сексеннің сегізіне келсе, Дариға анамыз қыркүйекте 80-ге толмақ. Ерлі-зайыптылар 10 бала, 27 немере, 20 шөбере сүйіпті. Ұзақ жылдар ел дамуы жолында аянбай тер төккен олар ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмады. Өнегелі отбасы әуелі ауданда, енді міне облыста озық шықты.

Мұратбай Сүйінғараев, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Осындай шаралар елімізде көп болса, бірен-саран адам баласының қисайғаны түзеледі ғой. Түзелгенде отан үшін, еліміз үшін жұмыс істеп, еліміз жылдан жылға байып, қуатты болса, халық көңілді болады. Татулық көбейе береді.

Дариға Сүйінғараева, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Бізде ата-әже болған жоқ. Сосын өзіміз тәрбиеледік, өзіміз бақтық. Есейе келе балалар бір-бірін бақты. Үлкені кішісін бақты. Солай өсті. Оқуын бітірді. Бала тудым деп үйде отырған жоқпын.

«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне биыл 21 әулет іріктеліпті. Олардың қай-қайсысы да ырысы тасып, ынтымағы жарасқан жанұялар.

Қайыржан Меңдіғалиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғамның діңгегі, адамның алтын ұясы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды», – деп отбасының қоғамдық және мемлекеттік рөлін атап өтті.

Отбасы құндылығы қай заманда да мемлекет саясатының темірқазығы. Орал өңірінде 14 мыңдай көп балалы ана болса, соның 6 мың жарымы «Алтын» және «Күміс алқамен» марапатталған.