Қарағанды облысында жыл соңына дейін 22 ауылға су құбыры тартылады.
Осылайша өңір тұрғындары 100 пайыз сапалы тіршілік нәрімен қамтылады. Адам саны аз елді мекендердің де мәселесі назардан тыс қалмайды. Ол жерлерге жаппай су тазартатын кешендер орнатылып жатыр.
Абай ауданында сумен жабдықтау жұмысының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Биыл Ягодный, Садовый сияқты 7 шалғай ауылды ауыз сумен қамту жоспарланған.
Сәбит Оспанов, Абай ауданының әкімі:
- Шағын 5 елді мекенге су тазартатын кешендер орнатылды. Жақында іске қосылады. Бұған қоса тұрғын саны 200-ден асатын екі ауылға құбыр тартылып жатыр. Белгіленген жұмыстарды қыркүйекте толық аяқтаймыз.
Облыста 8 қала және 342 ауыл бар. Қазір тұрғындардың 98 пайызы тіршілік нәрімен қамтылған. Биыл 22 елді мекенге құбыр тартылады. Сонымен қатар адам саны аз шағын ауылдарда ауызсу мәселесі шешімін тапқан.
Бақытбек Ақпаров, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Халық саны 100-ге жетпейтін шағын ауылдарда суды тазартатын блок-модульді кешендер салынуда. Ол бізде 45 ауылда салынып жатыр бүгінгі күні. Биыл жоспарланған барлық іс шараларды жылдың соңына едйін аяқтап, сумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткіземіз деген жоспар бар.
Өңір халқын сапалы сумен қамтамасыз ету жұмысы жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 10 миллиардқа жуық теңге бөлінген.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит