Топтық зорлау қылмысы бойынша күдікке ілініп, 13 жыл бойы жасырынып келген адам Қырғызстаннан экстрадицияланды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қызметкерлері Қырғыз Республикасынан топтық зорлау үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.
"Күдікті 2012 жылы Жамбыл облысында басқа алты адаммен бірге жиынға екі қызды шақырып, олардың сусындарына клофелин араластыру арқылы дәрменсіз күйге келтіріп, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен", — делінген ведомство хабарламасында.
Қылмысқа қатысушылар әртүрлі жаза мерзімдеріне сотталған, ал күдікті жасырынып, 13 жыл іздеуде болған.
Биыл сәуірде ол Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!