Ресейде әзербайжандықтарға шабуыл жасалды. Екатеринбург қаласында екі әзербайжандық рейд кезінде қаза тапты. Бұған байланысты Әзербайжан Ресейге қатысты барлық іс-шараны тоқтатты, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

Еске салайық, 27 маусымда Екатеринбургте әзербайжандықтар тұрып жатқан пәтерлерге Ресейдің құқық қорғау органдары жүргізген рейд барысында екі адам қаза тапты, бірнешеуі ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді, тағы тоғызы қамауға алынды. Бұл оқиғаға байланысты Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі қатаң наразылық білдіріп, Ресейдің Бакудегі уақытша сенімді өкілі Пётр Волоковты шақыртты. Министрлік бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап ететінін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың маусымның аяғында Әзербайжанға жоспарланған сапары Баку тарапынан тоқтатылды.

Іс-шаралардың тоқтатылуы

Әзербайжан Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік ұйымдары қатысуымен елде өткізілмек болған барлық мәдени іс-шара, концерттер, фестивальдер, спектакльдер, көрмелер, толық тоқтатылды.

"Ресейдің Свердлов облысында құқық қорғау органдары әзербайжан ұлтының өкілдеріне этникалық негізде әдейі соттан тыс кісі өлтіру мен күш қолдану әрекеттерін ашық түрде жасағанын және мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін ескере отырып, Ресей тарапымен жоспарланған барлық мәдени іс-шара, концерттер, көрмелер, спектакльдер және т.б. Әзербайжанда өткізілмейді", – делінген ресми хабарламада.

Билеттерді сатып алған азаматтар оларды қайтарып алу үшін сату орындарына немесе онлайн платформаларға жүгіне алады.

Сондай-ақ, Әзербайжан Милли Мәжлис төрағасының бірінші орынбасары Али Ахмедов бастаған парламенттік делегация да Мәскеуде өтеді деп жоспарланған Әзербайжан-Ресей арасындағы парламентаралық комиссияның 23-отырысына қатысудан бас тартты.

Minval.az мәліметінше, Әзербайжандағы Орыс қауымдастығы да Екатеринбургтегі күштік құрылымдардың әрекетін айыптады.

БАҚ мәліметінше, операция кезінде әзербайжандықтар тұратын оннан астам пәтерде тінту жүргізіліп, оның ішінде Агдамнан шыққан Сафаровтар отбасының мүшелері де ұсталған. Зияддин мен Гусейн Сафаров есімді екі ағайынды қаза тапқан. Қазір тоғыз әзербайжандыққа қатысты 2000-жылдардың басында жасалған қылмыс бойынша сот процесі басталды. Сот оларды қамауға алу туралы шешім шығаруды қарастырып жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget