Мемлекет өз міндеттерін толық орындап жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканың дамуы туралы сұрақтарға жауап берді. Ол Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттерін ескере отырып, жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Экономиканың жалпы ахуалын «тұрақты» деп бағалады. Жуырда ғана фискалдық саясатты айқындайтын жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданған. Олардың мақұлдануы бюджетке даму және инфрақұрылымдық мақсаттарға 3 триллион теңгеден астам қаржы бағыттауға мүмкіндік береді. Олжас Бектенов осы тұста Үкіметтің әрі қарай да тиімді жұмыс істейтінін айтып, Президенттің экономикалық реформаларды жүргізу жөніндегі тапсырмаларын орындауды жалғастыратынын жеткізді.
Ел экономикасы 6% өсті
Осы ретте Олжас Бектенов: «Бздің басты міндетіміз – қарқынды сақтап, көрсеткіштерді арттыру», – деді. Жаһандық экономиканың өзгермелі жағдайында Қазақстан тұрақты қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді сақтап келеді. Екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемінің артуы да оң нәтиже бере бастаған.
Республикалық бюджетке қосымша ₸ 3 трлн түседі
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Үкіметтің бастамасымен елімізде салық реформасы жүріп жатыр. Жаңа салық кодексінің арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 трлн-нан астам түсімдер түседі деп есептейміз. Бұл ақшаның бәрі тек даму мақсаттарына бағытталады.
Инфляция 8,6% дейін төмендеді
Бюджеттегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі өткен жылы 2,5% өскен. Қазір елде инфляция 8,6% дейін төмендеді. Бұл жайында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. 2024 жылға арналған Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде министр Ұлттық қордың активтері 16% өсіп, 66,2 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Кірістер бойынша Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2% орындалып, бюджетке 19,6 трлн теңге түсті. Жоспардың орындалмауының негізгі себептері: үшінші елдерден импорт көлемінің 2 млрд АҚШ долларына азаюы; теңіз кен орнын да болашақ кеңейту жобасын іске қосу уақытының өзгеруі; бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарылуы. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Үкімет басшысы: Мемлекет өз міндеттерін толық орындап жатыр
Есепті кезеңде әлеуметтік сала, инфрақұрылымдық жобалар сияқты бірқатар бағыт межеленген жоспарға сай қаржыландырылды. Ал қазына қаржысын тиімсіз пайдалану сомасы 24% төмендеп, 372 млрд теңге болған. Бюджет қаражатын игермегені және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін 73 лауазымды тұлға, оның ішінде 67 басшы тәртіптік жазаға тартылды.