Алматы облысындағы Үлкен ауылында әлеуметтік нысандар салынып, ауылішілік жолдар жөнделуде, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Балқаштың жағасында туризмді дамытуға арналған бірқатар жоба жасалды.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Ауылда атом электр станциясы салынған кезде жұмыс орындары ашылып, жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеретіні анық. Жергілікті халық ауылдың әлеуеті артып, тұрмыстың жақсаратынына сенеді.
Татьяна Третьякова, ауыл тұрғыны:
- Үлкен ауылының тұрғыны ретінде бұл жерден атом электр станциясын салу туралы қабылданған шешімді қолдаймын. Себебі халық өз таңдауын жасады. Елімізде заманға сай стратегиялық нысандар көптеп салынуы тиіс.
Рахима Қайырбекова, ауыл тұрғыны:
- Енді қазір атомдық АЭС құрылысы басталады ғой. Өзіміз қуанып жатырмыз. Біздің Үлкен ерекше ауыл деп айтады ғой орыстар. Ешқандай жерде жоқ мынандай ауыл. Балқашымыз міне, көліміз жанымызда. Ешқандай курорт та керегі жоқ. Күнде күнде барып шомыламыз. Су жақсы, тұщы су мына жақта.
Үлкенде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Тамыз айында ауылішілік жолдар жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлініп, мердігерлер де анықталды. Ауылдың қазіргі амбулаториясы 1600 тұрғынға қызмет көрсетеді. Бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқандықтан, егде жастағы адамдар үшін қолайсыз. Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауыл болғандықтан, кейде ауыр науқастарды Қарағанды облысына апаруға тура келеді.
Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Үлкен ауылындағы мына амбулатория 25 орындық болады. Оның он төсегінде күндізгі уақытта адамдар жататын анализдерін алып, системаларын алуға барлық жағдай жасалған. Қосымша жаңағы тыныс алу жолдарының физиотерапия кабинеті болады. Аппараттары алдында болмаған. Сол аппараттары заман талабына сәйкес болады және лабаротория болады.
Кенжемұрат Қасенов, ауылдық округ әкімі:
- Президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстандағы ең бірінші атом электр станциясын салуға жер белгіленіп отыр. Бұйырса, енді басталады деген ойдамыз. Курчатовта, Алматыда осы бағытта мамандар дайындалып жатыр. Бұл жерде тек қана АЭС емес, туризмді дамыту бағыты бойынша да үлкен жұмыстардың басын алып жатырмыз.
Үлкен ауылы 1997 жылға дейін Күрті ауданының құрамында болды. Күрті тарап, Іле ауданына қосылған соң, бұл ауыл Жамбыл ауданына өтті. Сол кезде 7 мыңға жуық тұрғыны болса, бүгінде халық саны 4 есе кеміп кетті. «Болашақта Үлкен 25 мың адам тұратын шағын қалаға айналады», - дейді жергілікті басшылар. Сол кезде туризмді де дамыту жоспары бар. Жалпы балығы тайдай тулаған Балқаш көліне Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысынан келіп демпалатын адамдардың саны жылдан жылға артып келеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов