Ол кейуанамен көрші тұрған.
Полиция қызметкері түнгі сағат 03:00 жобасында көрші үйден шыққан өртті байқап, жедел әрекет еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бейбіт күннің батыры – Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкері, полицияның аға сержанты Жасұлан Нұрасылов.
Болжалды мәлімет бойынша, алдымен үйдің жапсарлас құрылысы өртеніп, кейін жазғы асүйге тараған. Сол сәтте ішінде 90 жастағы әжей болған. Артынша қызыл жалын негізгі тұрғын үйдің шатырына жайыла бастаған.
Полиция өрт ошағы үлкен болса да, Жасұлан Нұрасыловтың бір сәт те кідірмей әрекет еткенін жазады. Ол қоршауды бұзып, отқа оранған үйдің ауласына енген. Қалың түтіннің арасынан жазғы асүйде ес-түссіз жатқан кейуананы тауып, қауіпсіз жерге алып шығады. Содан соң үйдегі өзге тұрғындарды да оятып, олардың да дер кезінде эвакуациялануына көмектескен.
Полиция қызметкері оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырып, оттың таралмауына да септігін тигізді. Алматы облысының полиция департаменті Жасұлан Нұрасыловтың бұл ісін "нағыз ерлік пен адамгершілік" деп бағалады.