Үндістанның Ахмедабад қаласында болған әуе апатынан кейін 240-тан аса адам қаза тапты. Жалғыз аман қалған жолаушы оқиға жайлы айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қирандылар арасында тірі қалған жалғыз адам – Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш. Ол Ахмедабадтан Лондонға бағыт алған Air India ұшағының жолаушысы болған. Бортта 242 адам болған, олардың ішінен тек Рамеш аман қалған.

Жергілікті полиция мәліметінше, Рамеш 11A орнында отырған. Қайғылы оқиғадан кейін ол отбасымен байланысқа шығып, тірі екенін растады. Кейінірек Hindustan Times басылымына қысқаша сұхбат берген.

"Ұшақ көтерілген кезде алғашқы 5-10 секундта ауада тұрып қалғандай болды. Кенеттен шамдар жыпылықтай бастады да, ұшақ бір ғимаратқа соғылды. Мен әлі күнге дейін тірі қалғаныма сене алмаймын. Бір сәтте мен де өлемін деп ойладым. Қалай аман қалғанымды білмеймін. Көз алдымда адамдар қаза болды – бортсеріктер мен жанымда отырған екі жолаушы. Қатты қорқып кеттім, орнымнан тұрып, жүгіре бастадым. Айналамда ұшақтың қирандылары болды. Біреу мені ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді", – деді аман қалған жолаушы.

Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда тірі қалған ер адамның жедел жәрдем көлігіне өзі бара жатқаны көрінеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Tengri LIVE (@tengri.live)

БАҚ мәліметінше, Вишваш Кумар Үндістанда туған, бірақ көп жылдан бері Ұлыбританияда тұрады. Оның әйелі мен баласы бар. Ең алғаш хабарласқаны да – солар.

Алайда Рамеш отбасының уайымы әлі басылмаған. Себебі оның ағасы – Аджай да осы ұшақта болған. Қазір оның тағдыры беймәлім күйде қалып отыр. Туыстары оны іздеуді жалғастырып жатыр.

Еске салайық, 12 маусымда Air India әуе компаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабадтан Лондонға ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған еді.

Air India мәліметінше, ұшақ бортында 242 адам болған. Олардың ішінде 169-ы – Үндістан, 53-і – Ұлыбритания, 1 адам – Канада, 7 адам – Португалия азаматтары.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget