Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот үкімі шықты. Былтыр қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында жаппай төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Қоғамдық резонанс тудырған іс — Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында екі айға жуық уақыт қаралды. 62 томдық іс құжат зерделеніп, 30-дан аса бейнежазба көрсетілді. Бүгін сол дәлелдемелердің негізінде 9 сотталушыға байланысты сот үкімі шықты.
Сот үкімімен жасөспірімнің өліміне басты кінәлі деп Абзал Шынасыл танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Равиль Сакиев «Адам өлтіруге оқталу» фактісі бойынша 20 жылға, бұзақылық бабымен Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға сотталды. Сондай-ақ Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметті 7 жылға орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын өтеуге үкім кесілді. Кәмелетке толмаған жасөспірімге марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов кешірім беретінін айтқан. Оған аса ауыр қылмысты хабарламады деген айып тағылып, 1 жыл 6 ай мерзімге кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесіне жіберілді.
Ержан Жанұзақов, сот төрағасы:
Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен Абзал Нұрғалиұлы Шынасылға түпкілікті 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу мерзімі үкім заңды түрде күшіне енген күннен бастап есептелсін.
Зерделенген дәлелдемелер мен айғақтарға сәйкес жасөспірімге сұғылған пышақтан Абзал Шынасылдың саусақ іздері анықталды. Сондықтан сот үкімімен ол басты кінәлі деп танылды. Қалған сотталушылар Шерзатқа пышақтың сабымен, мылтықтың дүбімен соққы жасаған. Оларға бұзақылық бабы бойынша айып тағылды, деп түсіндірді судья.
Ержан Жанұзақов, сот төрағасы:
Сот барлық ұсынылған дәлелдемелерді зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәләрі толық дәлелденген деген тұжырымға келеді. Жәбірленушілердің, куәләрдің айғақтары, оқиға орынан алынған бейнежазбалар бар. Олардың шынайылығында күмән жоқ.
Естеріңізде болса, Қаржаубай Нұрымов 8 сотталушыдан 662 млн моральдық өтемақы талап еткен. Алайда бүгін Сот төрағасы қаулы шығарып, сотталушыларға жалпы соммасы 135 млн теңге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
Дамир Нұрмұхамет