Исі мұсылман Құрбан айтта мал шалады .

Бірақ даладағысы, қаладағысы бар дегендей оған жұрттың бәрінің бірдей шамасы жоқ. Дегенмен, ниеттенген мұсылманның аз емесі тағы анық.

Құрбан айт – мұсылмандар үшін ерекше мейрам. Бұл күндері төрт түлікке сұраныс артып, базарда жұрт қарасы көбейеді. Ал бұл жақта сұраныс артса, нарықтың да құбылатыны бар. Бірақ қасиетті мейрам қарсаңында баға тұрақты, дейді мал сатушылар.

Алмасхан Қожаханұлы, кәсіпкер:

- Құрбан айтқа дейін де осындай бағада сатылады. Құрбан айт уақытында да солай сатылады. Енді бір 5 мың разница болуы да мүмкін енді. Әрі-бері. Оның болуы мүмкін енді. Халық көп болады енді. Халықтың көптігіне байланысты ғой.

Ердаулет Ілесбек, кәсіпкер:

- Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме 5-6 жыл болды. Осы Құдай қаласа Құрбан айтқа деп 100 бас әкелгенбіз. Сатуға дайындалып жатырмыз енді. Көп халық ойлайды негізі қымбаттады деп. Бірақ баға сол қалыпты негізі, килограмына сай, салмағына сай. Ірі қара әкеліп жатыр олар. Олар да сатылады Құдай қаласа. Негізі көбінесе майда қара мал қойлар ғой. Жақсы кететіні.

Құрбандық шалам деген жамағат базарға барып мал іздеп, уақытын зая кетірмесе де болады. ҚМДБ ұсынған арнайы сайтта ақысын төлеп, онлайн құрбандық шала аласыз. Сонымен қатар платформада етті тарату қызметі де бар.

Мақсатбек Мақсотұлы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры:

- Сайттағы баға бізде негізі әр өңірде жеке комиссия құрылған болатын. Олар нарықтағы бағалардың бәрін зерттеп, орташа бағасын айтты. Бірақ кейде бір өңірлерде ет тапшылығы болып жатқаннан кейін, малдың бағасы өсіп жатыр. Сондықтан ол жерде де біз өзгерістер енгізіп жатырмыз. Мысалы, 10 күн бұрын берілген баға және қазіргі баға арасы 5 мыңға қымбаттап кетті. Неге? Өйткені, сұраныс, ұсыныс та соған қарай реттеледі.

Құрбандыққа шалынатын қой бағасы оңтүстік өңірлерде жоғары. Атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 100 мың теңге. Ал Абай, Павлодар облыстарында 75 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 70 мың теңгенің ар жақ, бер жағында саудаланып жатыр.

ҚОЙ БАҒАСЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ 100 000 ₸

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ 100 000 ₸

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 100 000 ₸

АБАЙ ОБЛЫСЫ 75 000 ₸

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ 75 000 ₸

СҚО 70 000 ₸

Құрбан айт кезінде мал сою талаптарын сақтау – тек діни міндет емес, сонымен қатар заңмен реттелетін іс. Құрбандық шалу есепке алу номерлері бар бекеттерде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе арнаулы сою алаңдарында жүргізілуге тиіс. Астанада бекітілген орындар саны бесеу.

Урзайна Асанбиқызы, аумақтағы тамақ және биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы:

- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бар. Ветеринария заңнамасында. Ветеринарлы-санитарлық талаптарды орындамағаны үшін егер жеке тұлғалар болатын болса онда 20АЕК дейін айыппұл салынады. Ал егер жеке кәсіпкерлерге болатын болса онда ол 50-100 АЕК дейін айыппұл төленеді.салынады.

Жалпы алғанда биылғы Құрбан айтта қой бағасы өңірлер бойынша әртүрлі болғанымен былтырғымен салыстырғанда аса қатты өзгеріс жоқ. Сатушылар да, тұрғындар да бағаның тұрақты екенін айтады. Өйткені сұраныс мол болғанымен ауылдан келіп жатқан қой да көп.

Сержан Айтжан, Асхат Қарақойшиев