Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады.
"ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламенттің бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірлескен отырыста "ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
"Еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, бүгінгі күні біз ел билігінің жүйесінде "Парламент" сөзін "Құрылтай" ұғымына ауыстырып қайта енгізіп отырмыз. Алайда заманауи Құрылтай, бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институт болып табылады", – деді мәжілісмен.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі 5 жыл болып белгіленіп отыр.
"Заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Сондай-ақ, Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды", – деп түсіндірді Айдос Сарым.
Құжатта Құрылтай – Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны туралы норма бар.
Заң жобасы осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осылайша "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңының және "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңының күші жойылады.