Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан маңызды халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Google және БҰҰ-ның бірқатар ұйым жетекшілерімен кездесіп , цифрлық даму, экология және зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Сонымен қатар Алматы апорты – Қазақстанның ұлттық бренді ретінде ресми мойындалды.

Астанаға 40-тан астам француз компаниясының жетекшілері келген. Мемлекет басшысы бүгін форум аясында Франция сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартенмен және ірі компания басшыларымен кездесті. Былтыр екі елдің сауда-саттығы 31 пайызға өсіп, 5,5 миллиард долларға жеткен.

Қазақстан мен БАӘ сауда-саттықты 1 млрд долларға жеткізбек

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері сауда-саттықты 1 миллиард долларға жеткізбек. Оның нақты жолдарын Мемлекет басшысы Әмірліктің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуримен талқылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поупты қабылдады. Әңгімелесуде мигранттардың құқығын қорғау бойынша ықпалдастық мәселелері талқыланды. Эми Поуп Қазақстанның Алматы процесіне төрағалығының маңызын атап өтті.

Қазақстан компаниялары Ауғанстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға дайын

Қазақстан компаниялары ауған аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға дайын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизидің кездесуінде айтылды. Бүгінде Тургунди – Герат темір жол құрылысы салынып жатыр. Нуриддин Азизи қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

Президент Пан Ги Мунмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Мемлекет басшысы Институттың көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлеудегі қолдауы мен Арал теңізін қалпына келтіру бағдарламасына қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Цифрлық әріптестік талқыланды

Сонымен қатар Президент Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкинг, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг және Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсені қабылдады. Кездесулерде цифрлық ынтымақ әңгіме өзегі болды.

Қазақстан ресми түрде апорттың отаны ретінде мойындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті. Кездесуде ұлттық алма бренді — Алматы апортына ерекше назар аударылып, Қазақстан оның отаны ретінде ресми мойындалды.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен кездесті

Сондай-ақ Қазақстан президенті БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен кездесу өткізді. Геосаяси тұрақсыздық белең алған кезеңде БҰҰ өзінің әмбебап әрі баламасыз сипатын сақтап, бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз ету ісіндегі бірегей Ұйым ретінде қала беретініне сенім білдірді.

Шерхан Жамбылұлы