Бейбітшілік журналистикасын дамыту — ұлттық бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызды құралдарының бірі.

Алматыдағы Достық үйінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Қазақстан – этностық, мәдени және діни алуантүрлілігімен ерекшеленетін мемлекет. Мұндай ортада ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше артады. Сондықтан өшпенділікті өршітпеу, өзгені өзекке теппеу, жатсынбау, сенсация қуаламау, деректерді сараптап барлық тараптың мүддесін ескеру сияқты қағидаттарға негізделетін бейбітшілік журналистикасының аясын кеңейту маңызды, деді Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі. Қатысушылар цифрлы медиа кеңістікте толеранттылық, өзара құрмет, бейбіт диалог идеяларын кеңінен тарату, әлеуметтік желілердегі агрессия мен өшпенділіктің алдын алу сияқты өзекті тақырыптарды талқылады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұған дейін Түркістан қаласында өткен. Қожа-Ахмет Яссауи атындағы университетте жақсы пайымдар айтылды. Енді осы Алматыдан кейін Астанада үлкен симпозиум өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған халықаралық сарапшылар, әлемдік медиа менеджерлері шақырылады деген жоспарымыз бар. Мұндағы мақсат жалпы біздің еліміз үшін тың тақырып болып саналатын бейбітшілік журналистикасының аясын кеңейту, бейбітшілік журналистикасының негізгі қағидаттарын насихаттау.