Шағын және орта бизнестегі басшылардың тең жартысы әйелдер. Ал жеке кәсіпкерлер арасында бұрымдылардың үлесі 58%-тен асты. Бұл жайында елордада өткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды.
Келелі кеңеске Комиссия басшысы, Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және бірқатар нәзік жанды мен салаға жауапты ер азаматтар қатысты. Жиында цифрлық экономика және жасанды интеллектінің игілігі арқылы әйелдердің әлеуетін арттыру ісі пысықталды. Басқосуда сөз алған Аида Балаева: «Әйелдердің қазіргі жұмыспен қамтылуын сақтау ғана емес, олардың жоғары табыс пен жаңа экономикалық секторларға қол жеткізуін кеңейту де маңызды», – деді.