Халықаралық шара 9-15 мамыр аралығында өтеді.


АҚШ-тың Аризона штатындағы Финикс қаласында Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрме басталады. Жаһандық инновациялық додаға әлемнің 60-тан астам елінен іріктелген 1700-ге жуық мектеп оқушысы қатысады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 7 миллион доллар.

Халықаралық ғылыми байқауда ел намысын қорғайтын қазақстандық оқушылар мен олардың жобалары:

  • Керімбай Саян (Шымкент, №8 гимназия, 9-сынып) – жасанды интеллект арқылы микробтық отын элементтерін модельдеу және оңтайландыру жобасы (Биология).
  • Болысбай Нұркелді және Башаров Аслан (Талдықорған, "Білім-инновация" лицейі, 10-сынып) – "KazLib" білім беру платформасы (Информатика).
  • Артықбай Арнұр (Тараз, Зияткерлік мектеп, 11-сынып) – машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі (Информатика).
  • Исаков Михаил және Нұрмұханбетов Рахим (Алматы, №54 мектеп-лицей, 10-сынып) – балаларға арналған "Neuralese" нейрожүйе конструкторы (Информатика).
  • Өтетілеу Алтынай (Түркістан, Зияткерлік мектеп, 11-сынып) – атмосфералық деректерді жинайтын "AtmosNano" наноспутнигі (Жер және ғарыш туралы ғылым).

Биылғы басты жаңалық – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Regeneron ISEF жеңімпаздарына алғаш рет "Болашақ" халықаралық стипендиясының "Бакалавриат" бағдарламасы бойынша шетелдің үздік жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқығы берілмек.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми байқауда үздік шыққан оқушыларға біржолғы мемлекеттік ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль иегерлері 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль алғандар 1000 АЕК, ал қола жүлдегерлер 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Оқушыларды байқауға баптаған педагогтер де назардан тыс қалмай, оларға 26,5 базалық лауазымдық айлық мөлшеріне дейін сыйақы тағайындау көзделген.

Regeneron ISEF – әлемдегі мектеп ғылымының жетекші алаңы. Байқауды халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды, сондай-ақ ол жаһандық ғылыми-зерттеу жарыстарының үлгісі ретінде танылады. Қазақстан Республикасы 1999 жылдан бері бұл байқаудың ұлттық серіктесі ретінде тұрақты қатысып келеді. Биыл қатысу квотасы кеңейіп, жобалар саны 3-тен 5-ке дейін ұлғайтылды.