Мектептерде жасанды интеллект көмекші құрал ретінде ғана пайдалануы тиіс. Оқушы ойланып, талдай білу қабілетін жоғалтпауы керек.

Білім беру саласындағы цифрлық технологияларды талқылауға жиналған мамандар осындай пікірде. Алматыда өткен алғашқы халықаралық мұғалімдер саммитіне Ұлыбритания, Ресей және АҚШ-тан келген 200-ден аса педагог пен сарапшы қатысты. Жиын жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдаланып, білім сапасын арттыруға бағытталған. Мамандар мұғалімдерге цифрлық көмекшілерді дұрыс қолдану бойынша шеберлік сабақ өткізді. Жасанды интеллект құралын шығармашылық тапсырмаларға пайдалану тәсілін көрсетті. Сондай-ақ, артықшылығы мен кемшіліктерін де айтты.

Надим Халид, Кембридж университетінің профессоры:

- Жасанды интеллектіні этикалық тұрғыда қолданудың маңызын және оны дұрыс пайдалану мүмкіндігін айттым. Мұғалім жаңа технологияларды дәстүрлі әдістермен бірге қолдану қажет. Мұндай тәсіл оқушылардың шығармашылығын арттырып, олардың сабаққа қызығушылығын күшейтеді. Мұғалім мен бала арасындағы байланысты арттырады.

Наталья Мұхамеджанова, ұйымдастырушы:

- Жасанды интеллектінің пайдасы мен қауіптері де бар. Қазір жасанды интеллект өмірімізге еніп бара жатыр. Бізге бұл бағытта сауаттылықты дамыту қажет. Сондықтан жасанды интеллектпен дұрыс жұмыс істеуді балалар мен ересектерге де үйретуіміз керек. Яғни әр адам жасанды интеллектіні тиімді жағынан меңгеруі тиіс.