Елге көлік кіргізудің ережесі өзгерді. Енді қазақстандықтар шетелден жүк көліктері мен жолаушылар автобустарын әкеле алмайды. Мұндай техникаларды тек заңды тұлғалар мен компаниялар ғана тасымалдайды. Бұған Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық ережелеріне енгізілген түзетулер себеп болды. Жауаптылар : «Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін осындай қадамға бардық», — дейді. Әрі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, темір тұлпарлардың сапасын арттыруға һәм бақылауға мүмкіндік туады.

Ербол Сейпілов, автомобиль сарапшылары мен аудиторлар қауымдастығының президенті:

- Бұл ЕЭК аясында қабылданған шешім. Бұл шешім жеке тұлғалар мен осы ЕЭО кіргізілетін көліктердің категориясын анықтау болды. Жалпы ең басты мәселе жеке тұлғалар өзіне көлікті алып келгенде қандай көліктердің түрлерін алып келуге болатын және көлік құралының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, оны мақұлдайтын құжат болып табылады.

Дей тұрғанмен азаматтарға жеке көліктерді әкелуге тыйым салынбайды. Азаматтар жеңіл автокөліктерді 12 адамға арналған шағын автобустарды, сондай-ақ бес тоннаға дейінгі жүк көліктерін және мотоцикл, қар, су көліктерін өз мақсаттарына әкелсе болады. Оған шектеу жоқ.

Анар Мақашева, Қазақстан автомобиль одағының президенті:

- Жекелеген көлік құралы дегеніміз – жеке тұлғаның өз қажеті үшін бір ғана автокөлік әкелуі. Бұл термин техникалық регламентінің шеңберінде заңды ұғым. Мұндайда көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу қажет. Темір тұлпарлар міндетті түрде техникалық сараптамадан өтуі тиіс. Бұдан кейін көлікті Қазақстанда тіркеу үшін көлік құралының электрондық паспорты рәсімделеді. Онда автокөліктің барлық техникалық сипаттамалары көрсетіледі.