Құрама Штаттар қалаларында миллиондаған адам шеруге шығып, Трамптың саясатына наразылық білдірді.
Сенбі күні Америка Құрама Штаттарында барлық жастағы және топтардағы сан мың адам шеруге шығып, “Корольдерге жол жоқ!" деп ұрандатты. Олардың сөзінше, елде авторитарлық үрдістер белең алып, президент Дональд Трамп шектен тыс сыбайлас жемқорлық әрекеттерге барып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, күннің соңына дейін миллиондаған адам ірі және шағын қалаларда, қала шетіндегі аудандарда 2,600-ден астам митингіге қатысуы керек. Осылайша, қаңтарда билікке келісімен асқан жылдамдықпен үкіметті қайта жасақтап, демократиялық нормалардың астын үстіне келтірген Трамп саясатына қауіп төне бастады.
ТРАМПТАН ТҮҢІЛІС
"Бізде патшаларға жол жоқ деп, наразылық білдіру құқығымызды пайдаланудан артық не бар?!" – дейді осы демонстрацияларды жоспарлауға мұрындық болған Indivisible прогрессивті ұйымының негізін қалаушы Лия Гринберг.
Демонстранттар Нью-Йорк қаласындағы Таймс-скверді де толтырды. Жалпы алғанда, бұл мегаполистегі бес ауданда шамамен 100 000-нан астам адам бейбіт шеруге шыққан. Дегенмен ешкім тұтқындалған жоқ.
Бостондағы, Филадельфиядағы, Атлантадағы, Денвердегі, Чикагодағы және Сиэтлдегі марштарға да ондаған мың адам жиналды.
Батыс жағалаудағы Лос-Анджелес аймағы мен осы қаланың өз ішінде оннан астам митинг өтті. Сиэтлде демонстранттар қала орталығына топтасты. Ал Сан-Диегода мұндай акцияға 25 мыңнан астам адам қатысқан.
Қарсылықтар Трамптың саяси тұрғыдан дұшпан көрген адамдарын қылмыстық іспнн қудалауы, иммигранттарға қарсы әскерилендірілген репрессия қолдануы және Ұлттық гвардия жауынгерлерін АҚШ қалаларына жіберуі сияқты әрекеттері көптеген америкалықтарды, негізінен идеологиялық солшылдарды қатты алаңдатып отыр. Алайда, Трамптың сөзінше, бұл қадамдар қылмыспен күреске және иммиграциялық агенттерді қорғауға қажет.
Тағы бір айта кететін жайт – Трамп әкімшілігіне тәжірибесіз, бірақ өзіне бағынышты адамдарды тағайындап, қазір бұқаралық ақпарат құралдарына, заң фирмаларына, университеттерге қысым көрсетіп жатыр.
Дегенмен бұның бәріне қарсы шерулер жалпы алғанда шулы өткенімен, өрескел тәртіп бұзушылықтар байқалмағандықтан, полиция аса белсенділік бпайқатқан жоқ.
Демонстранттар Вашингтонда да көшеге шығып, Капитолийге жол тартты.
"Біз демократияны қолдайтынымызды және сол үшін күресетінімізді көрсеткіміз келеді. Мен биліктің шектен шығуына қарсымын", – дейді Алисто Эллион есімді шеруші "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.
ДЕМОКРАТТАР ҚОЛДАУЫ
Трамп сенбі күнгі наразылықтар туралы көп сөйлеген жоқ. Fox Business арнасына берген сұхбатында президент "олар мені патша деп атайды — мен патша емеспін" деп қысқа қайырды.
Демократиялық партияның ықпалды тұлғалары – Сенаттағы азшылық лидері Чак Шумер және Конгрестің өкілдер палатасының мүшесі Александрия Окасио-Кортес "Корольдерге жол жоқ" қозғалысын қолдайтындарын мәлімдеді.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚТАР НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫН "АНТИАМЕРИКАЛЫҚ" ДЕП СИПАТТАРЫ
Өкілдер палатасының спикері, республикашыл Майк Джонсон жұма күні өз партиясының ортақ пікірін қайталай отырып, "Корольдерге жол жоқ" шерушелерін "Американы жек көретіндердің митингі" деп атады.
Вашингтондағы Америка университетінің профессоры және саяси белсенділік туралы бірнеше кітаптың авторы Дана Фишердің пікірінше, сенбідегі акциялар АҚШ-тың қазіргі заман тарихындағы ең үлкен наразылық шерулері болуы мүмкін.