Арнайы жәшіктерге қоқысты сұрыптап салуға болады. Қағаз , пластик пен шыны бөлек жиналады.

Жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынды. Мұндағы мақсат – оқушылардың қоқысты сұрыптау мәдениетін ерте жастан қалыптастыру. Ел бойынша Астана мен Жезқазғанда басталған пилоттық жобаны «Жасыл даму» қоғамы жүзеге асырады.

Қоқыс та кәдеге жарайды. Кез келген қалдықты қайта өңдеуге болатынын оқушылар жақсы біледі. Сондықтан қалдықты сұрыптау жөніндегі жаңа бастамаға ерекше қолдау танытып отыр. Шыны, пластик және картонды бөлек жинайтын мынадай экобокстар мектептің әр қабатына қойылды.

Аружан Масутова, оқушы:

- Экологияға зиян келтірмес үшін және өзіміздің денсаулығымызға зиян келтірмес үшін қоқыстарды осы қораптарға дұрыс саламыз. Қағазды қағазға, пластикті пластикке, бәрін өз орнына саламыз. Кейін ол қайта өңделіп тағы да жаңа өмір сыйланатын болады.

Әзірге Астана мен Жезқазғанда қолға алынған бастама болашақта өзге өңірлерде де қолданылады. Жобаны жүзеге асырушы «Жасыл даму» АҚ экобокстарды орнатудан бөлек экосағаттар өткізіп, ақпараттық насихат жүргізеді. Сұрыпталған қоқысты одан әрі қайта өңдеу және кәдеге жарату жолдарын түсіндірді.

Ботагөз Мәмбетәлиева, экология басқармасының бас маманы:

- «Жасыл даму» АҚ –ның белсенді жұмыс жасап жатқандығы, біздің өңірімізде барлық мектепке осындай жәшіктер орнатып жатыр. Ел боламын десең бесігіңді түзе дейді ғой. Ең бастысы балалардан бастап тазалықты сақтауға осындай жаңа іс-шараға балаларды үйретіп жатыр. тек қана мектепте ғана емес, осындай үйренген нәрселерді үйде де осылай сұрыптай біледі.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар балалардың экологиялық сауаты мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырады дейді. Оқушыларды ынталандыру мақсатында ең көп қоқыс жинаған ұжымға бағалы сыйлық беріледі.

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов