Атырау облысының Құрманғазы ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілді.

Себебі Қиғаш өзенінің Каспийге құяр тұсы әбден тайызданып, балықшылардың күнделікті кәсібіне кедергі келтіріп отыр. Өзеннің сағасы шөгінділерге толып, соның салдарынан қайықтар қайраңдап, теңізге шығу қиындады. Жағдайға байланысты балықшылар шығынға батуда.

Балықшылардың көрген күні осы. Қиғаш өзенінен теңізге шығу үшін қайығын сүйреп әлек. 25 жылдан бері балық аулаумен айналысатын Саламат Сатыбалдиев соңғы кездері жағдайдың қиындағанын айтады. Каспий теңізі тартылып, оған құятын Қиғаш өзенінің деңгейі төмендеп кеткен.

Саламат Сатыбалдиев, балықшы:

- Қайықтар шыға алмайды, балық аулау өте қиын. 3 метр тереңдікте қазу керек. 2-3 метр тереңдікте үлкен қайықтар кіре алатын. Мына кішкентай қайықтар 9-дық, 10-дық, 15-тік моторлар, жүре алмай жатыр. Үлкен мотормен тіпті жүре алмайды ғой.

Құрманғазы ауданында 500-ге жуық балықшы бар. 5 кооператив су маржандарын аулап қана қоймай, оны өңдеумен де айналысады. Бірақ су тартылғалы шығынға батқан. Берілген лимитті де орындау мүмкін болмай отыр.

Шорманбек Ғайненов, балықшы:

- Балық аулау тіпті қорлық болып кетті. Өзі жоқ балықты мына жерден аулай алмаймыз. Қиындап бара жатыр. Осы қазса екен дейміз. Қазғанда да енін 10 шақты метр етіп, тереңдігін 2-3 метр етіп, сондай етіп қазса, бізге нұр үстіне нұр болар еді.

Қиғаш өзені таязданса, басқа арналар тіпті құрғап кеткен. Жергілікті билік осы мәселені реттеу үшін ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Абат Жанғалиев, Құрманғазы ауданының әкімі:

- Бізде балық кооперативтері көптеген осы ауданның тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Соған сәйкес биылғы тартымда балық аз болды деп шағып түсті. Соған теңіз тамақтарын қазу бойынша шешім қабылданып және де аудандағы басқа да арналардың құрғап қалуына байланысты судық молаюын, суды қалыпты ұстап тұру бойынша төтенше жағдай жариялауға шешім қабылданды.

Құрманғазы ауданының әкімі теңізге құятын Қиғаш пен Шора өзендері және өзге де каналдарды тереңдету жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Жоба аясында ауданда 140 шақырым арна қазылмақ. Қазір құжаттар комиссия қарауында. Жауапты мамандардың айтуынша, өзен түбін тереңдету жұмыстары жуырда басталуы тиіс.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов