Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасөспірімдер арасында өлім-жітім көбеюіне байланысты пікір білдірді , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол жуырда болған қайғылы оқиғаларға тоқталды.
"Басқасын айтпағанда, бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында үш қайғылы жағдай болып, үш жасөспірім қаза тапты. БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай!" — деді ол.
Депутаттың айтуынша, ресми статистика мәліметтері де алаңдаушылық туғызады.
"2024 жылы жасөспірімдерге қатысты 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы — аса ауыр қылмыс. Ал биылғы сегіз айда 938 қылмыс тіркелген. Жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш былтырғыдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе, бұл Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында өршіп отыр", — деді ол.
Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, бұл оқиғалар — жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!