Ыстанбұл қаласында өткен этноспорт фестивалінде қазақтың ұлттық спортымен қатар тағамдарымыз бен дәстүрлі әніміз де дәріптелді. Төрт күнге жалғасқан фестивальге әлемнің түрлі елінен миллионнан аса көрермен жиналып, жүзден аса мерекелік шара өтті.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ыстанбұлдағы этноспорт фестивалінде түрлі ұлт пен ұлыстың спорты мен мәдениетінен бөлек, салт дәстүрі мен өнері, ұлттық тағамдары мен киімдері де көрсетіледі. Қазақстаннан келген өнертанушылар мен аспаздар шетелдіктерге елімізді таныстырып, қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарынан ауыз тигізу үшін арнайы киіз үй тікті.

Қазы-қарта, құрт-ірімшік пен бал қымыз. Қазақ шаңырағына бас сұққан меймандар ақ дастархандағы ұлттық тағамдарымызға тәнті болды.

Куршад Зорлу, «Ақ партия» төрағасының орынбасары, Түркия парламентінің депутаты:

Бүгін біз Ыстамбұлда емес, Қазақстанда жүргендейміз. Себебі тарихымыз бір, тіліміз бір, тамырымыз бір. Бұл фестиваль тек екі елді емес бүкіл түркі әлемін біріктіретін, біздің байланысымызды тереңдете түсетін өте маңызды шара. Алдағы уақытта Қазақстанда да осындай шаралардың жалғасы болады деп сенемін.

Ұлттық асымызды ұлықтап, қазақтың көне тағамдарын зерттеп жүрген этнограф ғалым Әйгерім Мұсағажинова шетелдіктерге біздің тамақтарымыздың құндылығы мен ерекшеліктерін әңгімелеп берді.

Әйгерім Мұсағажинова, этнограф ғалым:

Қазақтың тамағы өте дәмді ерекше денсаулыққа пайдалы. Біз Қазақтаннан ысталған етімізді, мәйегімізді, ірімшігімізді, тары, көже пісірдік, бауырсақ әкелдік. Қазақтың тамағы анамыздың қолынан ішкен тамақ сияқты дәмі ерекше деп барлығы байқап дәмін татып жатыр.

Ал түркиялықтар онша біле бермейтін қымызды таныстырып, шетелдіктерге ұлттық сусынымызды насихаттау үшін алдағы уақытта арнайы фестиваль ұйымдастырылмақ.

Жұмажан Қалтаев, «Бай қымыз» жобасының жеткешісі:

Бай қымыз фестивалі дегеніміз гастро фестиваль. Біз Қазақстандағы бүкіл қымыз өндірушілердің басын қосып, кімнің қымызы мықты деген сұраққа жауап іздейміз. Негізгі мақсат – қымызды дәріптеу, біздің ақ алтынымызды бүкіл түркі халқына қайтадан алып келу, соны дәріптеу.

Этнофестивальде қонақтарды таң қалдырған тағы бір мәдени мұрамыз – қазақтың әні. «Алатау серілері» тобының ашық аспан астындағы концерті шетелдіктердің ұлттық музыкамызды қаншалықты жақсы көретінін байқатты.

Төрт күнге жалғасқан Этноспорт фестивалі 20-ға жуық ел өкілдерінің басын қосып, Түркі әлемінің қай салада болса да байланысы бекем, ынтымағы берік екенін байқатты.

Айдос Әшімұлы