Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша негізгі сот талқылауы басталды , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот мемлекеттік тілде ашық режимде өтіп жатыр.
Отырыс алдында залға екі мемлекеттік айыптаушы, айыпталушының жұбайы, әкім орынбасарының өкілі, сондай-ақ, олардың қорғаушылары кірді.
Кейінірек БАҚ өкілдеріне сот отырысы өтетін залға кіруге рұқсат етілген.
Айыпталушы сот ғимаратына полицияның арнайы көлігімен жеткізілді.
Суреттер: Tengrinews.kz
Міндетті түрде келуі қажет екеніне қарамастан, Руслан Берденов сотқа келген жоқ. Сот отырысы кезінде оның өкілі жәбірленуші емделіп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Руслан Берденов емделіп жатқанын және отаға дайындалып жатқанын айтты. Tengrinews.kz мәліметінше, қазір әкімнің орынбасары шетелде.
Берденовке жасалған шабуыл
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Жуырда Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі айтылды.
Берденов туралы не белгілі?
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан — 2010 жылғы шілде — Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде — 2012 жылғы қараша — Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша — 2018 жылғы мамыр — "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша — 2019 жылғы сәуір — "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір — 2023 жылғы наурыз — Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
- 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
- Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!